Байқоңырдағы қазақ мектебі
Өткен жылы Байқоңырдағы білім беру саласында елеулі өзгеріс болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі "Сыр бойы" газетінің сайтына сілтеме жасап.
Облыс әкімдігі мен жауапты министрлік Байқоңыр қаласының 2023-2026 жылдарға арналған білім беру жүйесін дамыту бойынша жол картасын бекітті. Бұл қадам бұрын қолға алынған жобаларға серпін беріп, кейінгі бастамалардың жарыққа шығуына түрткі болғанын білеміз. Ендеше «жұлдызды қалашықтағы» білім жайына көз жүгіртіп, саладағы жаңалықты саралап көрелік.
Негізгі басымдық – жол картасында. Келісімге сәйкес, мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 29 іс-шара жүзеге асады деп жоспарланған. Оның ішінде білім жүйесін жаңарту, педагогтердің біліктілігін арттыру, оқушыларды отандық ғылыми шараларға қатыстыру, еларалық байланысты нығайту бағытындағы маңызды міндет бар. Бүгінде мұның біршамасы жүзеге асты, кейінгі жобалар кезең-кезеңге бөлінген.
Өзгеріске бір қадам
Есте болса, осыдан 10 жыл бұрын Байқоңырдағы мектептерді қазақстандық білім беру стандартына көшіру басталды. Оның себебі де жоқ емес. Сол кездегі аймақ басшысы, қоғам белсенділері де байқоңырлық балалардың идеологиялық бағытына алаңдаушылық білдіріп, ел болашағы үшін олардың отандық білім стандартымен сусындауы керегін алға тартқан. Екіжақты келіссөздер нәтижесінде санаулы мектеп Қазақстан тарапына беріліп, педагогикалық жүйе қайта қаралды. Білім беру нысандарының шығыны, материалдық-техникалық жабдықты түгендеу, оқулықпен қамтуда бюджеттен миллиондап қаржы бөлінген болатын. Бастысы, мектептерде қазақ тарихы, қазақ тілі секілді пәндер оқытылып, ел азаматтарының еңсесі көтерілген еді.
Қазір дәстүрлі жүйе жалғасын тапқан. Қазақстанға қарасты бес мектеп берілген мүмкіндікті пайдаланып, қаржыны шашау шығармай пайдаланып отыр. Оқушы жетістігі мен мұғалімдердің кәсіби деңгейі жылдан-жылға ұлғаюда. Шәкірттердің жоғары оқу орнына түсуі мен ҰБТ-ға қатысу көрсеткіші де жоғары. Мұндағы жүйені қадағалау Қармақшы аудандық білім бөліміне міндеттелген. Сондықтан сұрау бар, талап бірдей.
Тақырыпқа орай облыстық білім басқармасына Байқоңырдағы оқушы саны мен алдағы жоспар жайы туралы сұрау жолдаған болатынбыз. Ресми жауапта салада атқарылған жұмыс жайы толық қамтылыпты.
– Байқоңыр қаласында Қармақшы аудандық білім бөліміне қарасты 5 мектеп орналасқан. Олар – №272, №273, №274, №275 орта мектептері мен №277 мектеп-лицейі. 2023-2024 оқу жылындағы мәліметке сәйкес, қазақ тілінде оқытатын мектептерде 5404 оқушы білім алуда. Сондай-ақ мектепке дейінгі 2 мемлекеттік және 3 жекеменшік білім беру ұйымы жұмыс істейді. Бөбекжайларда 1000-ға тарта бүлдіршін бар, – делінген басқарма мәліметінде.
Түлекке тірек – ҰБТ
Байқоңырдағы мектептер жергілікті сұранысқа толық жауап бере алады десек, артық емес. Себебі мұнда үстеме оқушы қабылдау, орын жетіспеу секілді мәселе аз. Білім беру нысандарының сапасы да қанағаттанарлық деңгейде. Алды 1961 жылы пайдалануға берілсе де күтіп ұстау, күрделі жөндеу мұқият жасалған. Билік 2013 жылы жаңа оқу ғимаратын салып, №277 мектеп-лицей базасын қалыптастырған болатын.
Нәтиже көп күттірмеді. Әр оқу жылында оқушылар жетістігі көбеюде. Әсіресе, түлектердің ЖОО-ға түсуі мен жұмысқа орналасу көрсеткіші жақсарған.
– Биыл 183 түлек қазақстандық білім беру стандартына көшірілген мектепті бітіреді. Оның 179-ы ҰБТ-ға қатысады деп жоспарланған. Сондай-ақ аталған мектептерде үздік аттестатқа 11, «Алтын белгіге» 5 үміткер тіркелген, – деді Қармақшы аудандық білім бөлімінің Байқоңырдағы сектор меңгерушісі Жадыра Алданова.
Өткен жылы ҰБТ-ға ҚР мектептерін бітіруші 206 түлектің 190-ы қатысқан. Соның ішінде 155 түлек мемлекеттік білім грантын иеленсе, 27-сі ақылы негізде білім алуда. Арнайы және кәсіптік білім беру ұйымдарын таңдағандар да кездеседі. Сондай-ақ бір оқушы облыс әкімінің білім грантын иеленген.
Айта кетейік, «Қызылорда облысы Байқоңыр қаласының білім беру жүйесін дамытудың жол картасының» түлектерге ұсынған мүмкіндігі жетерлік. Министрлік жүзеге асыратын 30-ға жуық іс-шара ішінде оқушылардың қазақстандық ЖОО-ға түсуін ынталандыратын бастама бар. Оған қоса қаладағы ресейлік ЖОО филиалдарымен байланыс күшейді. Түлектер алысқа бармай, сол жақта білім алуына жол ашық. Бүгінде Мәскеу авиация институтының филиалы, Челомей халықаралық ғарыш мектеп-лицейі жұмыс істеп тұр.
Әрине, мемлекет мүмкіндікті ақылға қонымды ереже шеңберінде ұсынатыны түсінікті. Түлектер ол үшін талапқа бағынуы керек. Мәселен, «Қазақстан тарихы» – ҰБТ-да міндетті пән. Оны оқымаған оқушы білім грантына үміткер болуы қисынсыз. Үкіметаралық комиссия отырысында бұл мәселе қалыс қалмаған.
– 2022 жылы Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының 8-отырысы өтті. Онда Байқоңыр қаласындағы РФ білім беру стандарты бойынша білім беретін мектептерде Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін факультатив ретінде оқыту мәселесі қарастырылған. Үкіметаралық келісімді орындау мақсатында Байқоңыр қаласы әкімшілігі, қалалық білім басқармасының басшысымен өзара кездесулер өткізіліп, ата-аналардан сауалнама алынды. Нәтижесінде 2023-2024 оқу жылында Байқоңыр қаласы М.Янгель атындағы №7 мектептің 5-9 сыныптарына «Қазақстан тарихы» пәні вариативтік компонент есебінен аптасына 1 сағаттан оқытылуда, – деді облыстық білім басқармасы мамандары.
Әйткенмен әлі де болса халықаралық қатынасқа жіті қарау маңызды. Мұны Байқоңырдағы орыс мектептеріне Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқыту ісінде тағы байқадық. Ата-ананың көбі аталған пәндерді оқыту-оқытпау жан-жақты келісім аясында орындалса деген тілек білдірген. Жағдайды бағдамдау мақсатында жүргізілген мониторинг те ахуалды растап отыр. Сауалнама бойынша, басқа мектептерде оқушылар мен олардың ата-аналары мектептен тыс жұмыстардың басқа бағыттарға арналғанын қалайды екен. Көбі мемлекеттік қорытынды аттестацияға дайындық, шет тілдерін меңгеру, спорттық және патриоттық тәрбиеге басымдық беру керектігін жеткізген. Қазақстан тарапы да іске байыппен қарап, қос мемлекет азаматтарының құқы әрқашан сақталатынын білдіріп, таңдауды бала мен ата-ана еншісіне қалдырған.
Ұстаз тағылымы
Байқоңырдағы кей мектеп отандық стандартқа көшкелі білім сапасына алаңдаушылық білдіргендер болды. Көбі педагогтердің кәсіби деңгейі мен қазақстандық білім жүйесіне ілесе алуына күдікпен қарағаны есімізде. Жауапты министрлік мұның жолын тауып, қайта даярлау курсын жүйелі жүргізді. Бүгінде қаладағы қазақ мектептеріндегі мұғалімдердің білім сапасы тұрақты бақылауда.
Қазақстан стандарты бойынша білім беретін педагогтердің 98 пайызы өз пәндері бойынша қайта даярлау курстарынан өткен. Басшылық лауазымдар бойынша да ұдайы қадағалау жүргізіледі. 2022 жылы біліктілік арттыру курстарынан 101 педагог өтсе, өткен жылы 81 педагог біліктілік арттырған.
Аудандық білім бөліміне қарасты Байқоңырдағы сектор мәліметіне сүйенсек, аталған мектептегі 576 педагогтің 97 пайызы – жоғары және қалғаны – арнаулы орта білімді. Кәсіби санаттағылардың сапалық құрамы біршама жақсарған. Қазір 71 пайызында кәсіби біліктілік санаты бар, білім беру ұйымдарында 176 педагог сарапшы, 162 педагог-модератор қызмет атқаруда. Демек, ұстаздардың білім деңгейіне талас жоқ.
3000 оқушы Әнұран шырқады
Ерекше статусы бар қалада елдік белгісін білдіру – өскелең буын үшін ғана емес, бүгінгі бірлікке де керек қадам. Әсіресе, мұны ұғындыру мен жеткізу шебер саясат пен салқын ақылды қажет ететіні сөзсіз. Себебі ұлттық идеологияның нәзік тіні ұлтаралық алауыздықты тудырмай, бірлігі жарасқан елдің жолына жетелеуі қажет-ақ. Осыны ұғынған байқоңырлық жастар бірлесе әрекет етуде. Мысалы, жуырда Мемлекеттік рәміздер күнін 3000 оқушы Байқоңыр қаласында Қазақстан әнұранын шырқап, ұлттық рухтың көрінісін байқатты.
Айтулы шараның рухани, саяси астары терең. Әсіресе, достық пен ынтымақты ұлықтап, қос елдің қадірі мен мәртебесі тең екенін білдіретін ишара десек болатындай. Шараны ұйымдастыруға дәнекер болған облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай мен Байқоңыр қалалық Жастар ресурстық орталығы мамандары да идея мәнін осылай түсіндірді.
– Рәміздер – елдігіміздің ұраны, отансүйгіш қасиет бастауы, мақтанышымыз. Осы орайда Байқоңыр жұртшылығы мерекені ерекше салтанатпен атап өтті. Қала жастары бір мезетте Мемлекеттік Әнұранды шырқап, «Мемлекттік рәміздер – ұлттық мақтанышым» акциясы ұйымдастырылды. Орталық алаңдағы шараға 3000 оқушы қатысты. Нақтырақ айтсақ, Байқоңыр қаласы, Төретам кенті мен Ақай елді мекендерінен 10 мектептің оқушылары жиналды. Бәрінің мақсаты – рәміздерді қастерлеу, мемлекетшілдік ұстанымды айшықтау, – деді Байқоңыр қалалық Жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Индира Қабатова.
Айта кетерлігі, бұл – жуырда туған жоба емес. Мемлекеттің жүйелі бастамасының жалғасы. Шара Байқоңыр жастарын қолдауға бағытталған 2022-2025 жылдарға арналған кешенді іс-шара жоспары аясында өткізілген. Ресей тарапына алдын ала хабарланып, шараға қатысатын оқушыларға қалаға кіру үшін рұқсат қағаз әзірленіпті. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектеп директорлары мен мұғалімдер тұрақты бақылау жүргізген. Келеңсіз жағдай орын алмау үшін РФ полиция қызметкерлері, өрт сөндірушілер және медицина қызметкерлері тұрақты қызмет көрсеткен.
Тәртіп бақылауда
Жасыратыны жоқ, Байқоңыр жастары десе тәртіпсіздік еске түседі. Әлеуметтік желіде бір-бірін қуалай төбелескен мектеп оқушыларын ара-тұра көретініміз бар. Кейінгі жылдары мұндай олқылықтың алдын алу мақсатында қаладағы жастармен жұмыс қарқын алған. Педагогтер РФ Ішкі істер бөлімінің қызметкерлерімен бірлесе ата-аналар жиналысын өткізу, жадынама тарату ісін жолға қойған. Жасөспірімдер құқықбұзушылығын азайту үшін түрлі профилактикалық түсіндірме жұмыс өткізу дәстүрге айналыпты.
Әрине, баланың қолы бос болса, қатер де артады. Қолайсыз ортамен жұғысу, жағымсыз әдетке әуес болу да – қараусыз қалғанның кесірі. Міне, сондықтан биыл байқоңырлық оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануын ұйымдастыру жоғары деңгейде. Лагерьлер жасақталып, еңбек бригадасы құрылған.
– Байқоңыр қаласы бойынша 115 оқушы сыртқы лагерьге, 1911 оқушы мектеп жанындағы лагерьге, 555 оқушы көркейту-көгалдандыру бригадасына, 266 оқушы еңбек бригадасына, 1107 оқушы спорттық лагерьге, 322 оқушы дебат лагерьге жіберіледі. Ал 791 бала экскурсияға аттанса, 24 бала демеуші есебінен демалатын болады, – делінген білім бөлімінің мәліметінде.
Ресми ақпараттан түйгеніміз, оқушылардың көбі Байқоңырда уақыт өткізеді. Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын дамыту орталығы, қалалық мәдениет сарайы, балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі, аулалық клубтардың үйірмелері, спорттық-сауықтыру орталығы секілді мекемелер жұмысы жанданбақ. Оның үстіне биыл Байқоңыр жастары үшін «Жасыл ел» еңбек жасағына 150 квота берілді.
Түйін. «Жұлдызды қалашықтағы» білім беру үрдісінде ілгерілеу бар. Жаңалық пен өзгеріс те басым. Мұның барлығы білім сапасын жақсартып, жасампаз буынның қалыптасуына ықпал етері сөзсіз.
Ерсін ШАМШАДИН,«Сыр бойы».Қызылорда-Байқоңыр-Қызылора