АУДАН ӘКІМІ ҚАРМАҚШЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
140
Бүгін аудан әкімі Әділбек Ерсұлтановтың халықпен кездесуі Қармақшы ауылдық округінде жалғасын тапты,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Алдымен ауыл әкімі А.Есқараевтың ағымдағы атқарылған жұмыстары туралы баяндамасы тыңдалды.
Содан соң аудан әкімі сөз алып, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін сөз етіп, алдағы міндеттерімен бөлісті.
-Қармақшы ауылдық округінің негізгі кәсіп түрі мал шаруашылығы. Сондықтан бұл ауылдық округтегі мал шаруашылығының дамуына қолдау көрсетілуі тиіс. Ауыл әкімі жергілікті тұрғындардың барлық жағдайынан хабардар болып, олардың әрбірінің тұрақты табысының болуын қамтамасыз етуі керек. Жаңадан кәсіп бастауға ниетті тұрғындарға мемлекеттік қолдаулар бойынша аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі, кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жан-жақты ақпарат беріп, құжаттама жұмыстарына әрдайым көмек көрсетіп отыру керек- деді аудан әкімі.
Сонымен қатар елді мекен бойынша жолдарды жөндеу жұмыстары негізінде Қызылтам елді мекеніне кіре беріс жолына қайта жаңғырту жұмыстарына аудандық бюджеттен қаржы қаралып, жоба-сметалық құжаттамалары әзірленуде және Қармақшы ауылындағы су қабылдайтын құрылғыны қайта құру жобасына қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары бүгінде жүргізіліп жатқандығын атап өтті.
Жиынға қатысқан ауыл тұрғындары аудан басшылығының және ауыл әкімінің атқарған жұмыстарын тыңдап, алдағы уақытта ауылішілік көшелердегі жарық, мал жайылымдық жерлерді белгілеу және де өзге де әлеуметтік маңызы бар мәселелер жөнінде ұсыныс-тілектерін білдірді.
Аудан әкімдігі тарапынан тұрғындардың ұсыныс пікірлері ескеріліп, заңдылықтар аясында кезең-кезеңімен жүйелі түрде іске асырылатындығы жеткізілді.