Жер телімін 1 383 915 теңгеге алып бермек болған әкім сотталды

251
Ақтөбе қаласындағы Алматы ауданының әкімі алаяқтық бабы бойынша сотталды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 


Ақтөбе қаласының №2 соты К-ға қатысты ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі 2 тармағы бойынша (алаяқтық) қылмыстық істі қарады.

Көбенов лауазымды адам бола тұра өзінің қызметтік бабын асыра пайдаланғысы келген. Яғни 2020 жылдың сәуір, тамыз айларында бұрынғы танысы Қ-ға жер телімін алып бермек болып, жалпы сомасы 1 383 915 теңге алған.

Сотта ол кінәсін толық мойындады. Сондай-ақ оның кінәсі Kaspi Gold қосымшасы арқылы жіберген ақша аударымдары арқылы расталды.

Сот К-ны кінәлі деп таныды. Оны мемлекеттік лауазымды қызметтерді атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Абат Көбенов биыл ақпаннан бастап қыркүйекке дейін Ақтөбе қаласының Алматы ауданының әкімі болды. Бұған дейін Ақтөбе әкімдігі аппаратын басқарды және басқа да қызметтерде істеген.