Жол сақшылары пара ретінде тәтті тоқаш алған
Жол сақшыларына тәттіні пара ретінде сатып алған азаматтың барлық әрекетін оның қасында отырған адам телефонға түсірген. Бейнежазбада жүргізушінің тортты қай дүкеннен және қанша теңгеге сатып алғаны көрсетіледі. Кейін полицейлер қызметтік көліктерімен жүргізуші айтқан мекенжайдан торт алуға келеді. Сақшылардың бұл әрекеті бейнебақылау камераларына жазылып қалған.
Видео жазбада патрульдік көліктің сауда орталығына келгені, көлікке ер адамның тортпен кіріп, бос шыққаны да анық көрсетілген. Тіпті полиция көлігінің мемлекеттік нөмірі де анық жазылған. Полиция басқармасындағылар бұл оқиғаны растады. Қызметтік тексеру жүргізіліп, қызметкерлердің жұмыстан босатылғанын айтты.
“Аталған әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға байланысты анықтама жүргізу барысында оқиғасының өткен жылы, яғни 30 желтоқсанда тіркелгені анықталды. Сол күні Атырау қалалық полиция басқармасы қызметтік тексеру жүргізіп, аталған қызметкерлер жұмыстан теріс себептермен шығарылды”,– деді Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.