Білім күніндегі бүлік. Қыз ауласында асылып қалған

566
Түркістан облысындағы Көкарал ауылының тұрғындары мектеп директоры жұмыстан кетсін деп шу шығарды. Өйткені маусым басында оқушылар жаппай емтихан тапсырып жатқанда директор шпаргалка қолдандың деп, 15 жасар қызды көптің көзінше жерден алып жерге салған екен. Осыдан кейін 9-шы сынып оқушысы «үміттеріңді ақтамадым» деген тілдей хат жазып, ауласында асылып қалған. Сондықтан өрімдей қызды өлімге итермелеген басшысы орнын босатсын деп отыр жиналғандар, деп хабарлайды КТК.

Көкарал ауылында үш айдан бері береке кеткен. Маусым айында оқушылар емтихан тапсырып жатқанда, мектеп директоры 9-шы сыныпта  оқитын Эльвира Мықтыбекке қатты шүйлігіпті. Шпаргалка қолдандың деп, үздік оқитын қызға көптің көзінше жекіген. Осыдан кейін оқушы «үміттеріңізді ақтамадым, кешіріңіздер» деген қысқа хат жазып, өзі ауласындағы сарайда асылып өлген. Ал директорға қатысты қозғалған іс сағызша созылып кетті дейді марқұмның әкесі.

Ақылбек Тәліпбаев, марқұмның әкесі:

- Тергеу бөліміне, жаңағы облыстық департаментке қанағаттанбаймын. 3 айға созылып кетті бұл. 3 ай болды бұл, 2 айда бітіреміз деп уәде берген. Күдігім бір-бірімен байланысы бар, болды. Сыбайлас. Жаңағы ДВД-мен, білім саласы, облыс,аудан білім бөлімі бәрінің бір-бірімен байланысы бар.

Қыздың өлімінен соң ауыл тұрғындарының көбі мектеп директорына қарсы шыққан. Сондықтан Айсара Стаева орнын босатпаса балаларымызды мектепке жібермейміз деп отыр. 

Жұлдызай Сұлтанова, Көкарал ауылының тұрғыны

- Мен бермеймін. Ол директор болса жібересіңдер ма?! Жібермейміз. Бас тартамыз. Оқымаса оқымай кетсін. Білім алмаса алмай кетсін. Одан шыққан, ондай басшыдан шыққан оқушылар қандай оқушы болады, қандай тәлім-тәрбие алады ондайдан.

Ал, білім күнінде директордың өзі орнында болмай шықты. Есесіне жиналған ата-аналар алдында ақталуға Айсара Стаеваның қайын атасы келіпті. Ол келінінің бұл мектепке директор болғысы келмейтінін айтты. Өйткені ауыл тұрғындары бұған дейінгі басшыларды да сыйғызбаған деген ақсақал, келінім басқа жұмыс іздеп жатыр дейді. 

Боранбай Әділбеков

- Бұдан бұрын да неше директор келді, бәрі арызбен кетіп жатыр. Біреуі ықтиярымен кеткен жоқ. 14 жыл бұрын айналайын директор болып, 14 жыл болған. Биыл 15-ші жыл осы жерде істеп жатқаны. Басқа қариялардың, зав.районаның несімен келген бұл жерге. Өзім де келмеймін дейді.-Жақсы, басқа жерге директор болғысы келе ме? Иә.

Директор келмегенімен, жиналған жұртқа аудандық білім бөлімінің басшысылары дереу жетті. Айтуынша, директорды өздері де таппай жатыр екен. Ал, сыртынан шығарып жіберу заңға томпақ боп тұр деген бөлім басшысы, тергеу органдарының шешімін күтеміз дейді.

Шұға Нұрабаева, Ордабасы ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы:

- Құзырлы мекемелердің тексеру қортындысын күтудемін. Егерде қортындысы қолымызға тимесе мен ол мектеп директорын жұмыстан кет деп дәлелсіз айта алмаймын. Өйткені заң бәрімізге бірдей, ертең ол кісіде заңға бағынады, сіз не үшін кетірдіңіз бұл кісіні деген. Ал, директорды жұмыстан өз еркімен кетуге айтты, сұраныс айттым.

Демек директор бұл мектепке енді басшы болмайды. Бірақ ауыл тұрғындары Айсара Стаеваны білім саласынан мүлдем аластатуды талап етуде.