Әкімдікке қарасты корпорацияның 350 млн теңгесі жоғары жалақы мен сыйақыға жұмсалған
Астана қаласының «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қызметінің тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит кезінде 91 рәсімдік бұзушылықтар және 54 жүйелік кемшіліктер анықталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мемлекеттік аудит «Астана» ӘКК» АҚ-ның қызметінің құрылтайшылық, стратегиялық және жоспарлық құжаттарында айқындалған мақсат-міндеттерден елеулі ауытқулармен, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманы, мекеменің ішкі құжаттарын және басқа да жүйелік кемшіліктерді бұза отырып жүзеге асырылатынын көрсеткен. Бұл туралы Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының кезекті отырысында белгілі болды. Атап айтқанда, мекеме Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары іс-шараларының толық орындалуын, ӘКК Басқармасына берілген активтермен, ӘКК қызметінің ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етпеген.
Сонымен қатар «Астана ӘКК» АҚ-ның 2020-2029 жылдарға арналған даму стратегиясының көрсеткіштеріне қол жеткізілмеген, статегия мен жоспарларды әзірлеу кезінде елеулі бұзушылықтар мен кемшіліктерге жол берілгенін атап өтті.
Тексерілген кезеңде қоғамның қаржылық көрсеткіші теріс динамикаға ие болды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша қоғамның шығыны 927 682,0 мың теңгені құрады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша аз ғана 38 895,0 мың теңге сомасында пайдамен шыққан. Алайда, жедел деректер бойынша 2022 жылдың 9 айында Қоғамның шығыны 1 074 422,0 мың теңгені құрады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша орын алған пайда негізінен сол кезеңге инвестициялық жобаларды іске асырудан түскен елеулі қаржылық түсімдермен түсіндіріледі. Бұл ретте қоғам қолданыстағы заңнаманы бұза отырып, жалпы сомасы 141 986,6 мың теңгеге табыс әкелген үй-жайларды жалға беру бойынша жарғылық емес қызметті жүзеге асырған, – делінген Тексеру комиссияның ақпаратында.
Теріс динамикаға қарамастан, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның әкімшілік шығындары көбейгені айталады. Оның ішінде жоғары еңбекақы мен сыйақы төлеуге жұмсалған.
«Қаржылық нәтиженің теріс динамикасына қарамастан, қоғам әкімшілік шығындардың едәуір өсуіне жол берген, оның негізгі себептерінің бірі негізінен ішкі ережелерді бұза отырып және бекітілген еңбекақы қорларынан асып кету арқылы төленген үлкен сыйақыларды төлеу есебінен еңбекақы төлеуді ұлғайту болып табылады. Еңбекақы төлеуге барлығы 346 905,5 мың теңге тиімсіз жұмсалған. Еңбекақы төлеудің елеулі кемшіліктері қызметкерлерге оның ең төменгі және ең жоғары мәні арасындағы диапазонда лауазымдық жалақының нақты мөлшерін тағайындау регламентінің болмауы болып табылады. Яғни, қызметкерлерге айлық лауазымдық жалақының мөлшерін белгілеу рәсімінің ашықтығы қамтамасыз етілмеген, бұл белгілі бір сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырады», – деп қосты комиссия.
Бұған қоса, есепте ӘКК Президент Жолдауында айқындалған квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің штаттық санын қысқарту қарқынына қол жеткізбегенін атап өтті. Оңтайландыру қатардағы құрам есебінен тиімсіз жүргізіліп, нәтижесінде басшылық құрам ұлғайып, тиісінше еңбекақы төлеу қоры қажетсіз ұлғайтылған.
Аудит жүргізілген кезде корпорацияның қатысуымен 307 инвестициялық жоба іске асырылған. Оның ішінде 164 жоба тұрғын үй құрылысы және 143 жоба бизнес құрылысы бойынша. Алайда аудит ӘКК-нің қызметі әлеуетті инвестордың құжаттардың толық топтамасын жинауын қамтамасыз етуге және Сәулет басқармасында инвестор ұсынған жер учаскесінде инвестициялық жобаны іске асыру мүмкіндігін нақтылауға азаятынын көрсетті. Яғни, ол инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде жергілікті атқарушы орган мен әлеуетті инвестор арасындағы делдал болып жүр.
Сондай-ақ мекеменің тұрғын үй салуға арналған инвестициялық жобаларды жүзеге асыруы ӘКК қызметінің қағидаттары бөлігінде заңнама талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Себебі бұл жобалар индустриялық-инновациялық болып табылмайды және дамыған бәсекелестігі бар нарықтарда іске асырылуға тиіс. Бұған қоса, бизнес құрылысына инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жер учаскелерін бөлу барлық жағдайларда ӘКК қызметінің қағидаттарына сәйкес келмейтіні де белгілі болды. Өйткені бұл да тұрғын үй сияқты дамыған бәсекелестігі бар нарықтарда іске асырылды.
Сонымен, іске асырылған 10 жобаның тек бір жобасы -«JCB/Hino/Valtra/KIA» ғана мамандандырылған техниканы құрастыру зауыты» осы қағидатқа сәйкес келді. Алайда, аудит барысында осы жоба аясында зауытта жобада көзделмеген техника жиналғаны анықталды. Бұл ретте Қоғам жалпы сомасы 1 173 591,0 мың теңгеге 11 МЖК бойынша инвестициялық жобалар шеңберінде алынған жылжымайтын мүлік объектілерін тиімді пайдалануды (сату, жалға беру немесе т.б.) қамтамасыз етпеді, бұл ӘКК-нің тұжырымдамасы мен жарғысында айқындалған мақсаттар мен міндеттерге сәйкес келмейді, – делінген ақпаратта.
Мемлекеттік аудит сонымен бірге, тұрғын үй құрылысына арналған жобаларды жылжымайтын мүлікті сату ішкі ережелерді бұза отырып іске асырғанын анықтады. Атап айтқанда пәтерлердің құны әртүрлі манипуляциялау арқылы белгіленген. Бұдан бөлек, мемлекеттік корпорацияның жылжымайтын мүлік объектілерін (тұрғын емес үй-жайларды) жалға беру кезіндегі бірқатар бұзушылықтары әшкеренеленді. Мәселен, арендалық мүліктің пайдаланылуына мониторинг жүргізген комиссияның құрамы қолданыстағы регламентке сәйкес келмейді. Сондай-ақ үй-жайлар белгіленген жалдау ақысын алмай жалға берілген, нәтижесінде 117 554,8 мың теңге пайданы жіберіп алған. Кейбір жеке жалға алушылар коммуналдық қызметтер үшін ақы төлемегені белгілі болды.
Сонымен қатар, жалдау шарттары ішкі ережелерде белгіленген тәсілдерсіз жасалып, қоғамның рұқсатынсыз үй-жайларды қосалқы жалға беру фактілері орын алған. Ал кейбір жкелеген жағдайларда әлеуметтік жобаларға пайдалану шарттарымен тапсырылған үй-жайлар іс жүзінде әлеуметтік жобалар үшін пайдаланылмаған екен.
Айта кетейік, елордадағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру мәселесіне осы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жауапты. Тұрақтандыру қорының жұмысынан да кілтипан шықты. Аудиторлардың мәліметінше, реттелетін тауарларға бағаны тұрақтандыру бойынша міндеттемелер қамтамасыз етілмеген, сондай-ақ қарыз алушының реттелетін тауарларға бағаны тұрақтандыру жөніндегі міндеттемелерді орындамау фактілері бола тұра, қарыз мерзімі ұзартылған. Сонымен бірге жергілікті атқарушы органмен үлестес ұйымның қарызын негізсіз бөлген.
«Нәтижесінде мекеме жалпы сомасы 969 245,0 мың теңгеге активтерді тиімсіз пайдаланып және жалпы сомасы 1 268 042,1 мың теңгеге мерзімі өткен дебиторлық берешекті қалыптастыруға жол берген».
Сонымен қатар, аудит корпорацияның мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының, оның ішінде әкімшілік жауапкершілікке әкеп соқтыратын бөлігінде бұзушылықтарға жол берілгенін көрсетті.
Қазіргі күні аудит нәтижесінде 4 факті бойынша материалдарды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін тиісті органдарға, 17 факт бойынша материалдар іс жүргізу шешімін қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді.