Өз үйінде оққа ұшқан кәсіпкер: Ақтөбеде күдікті ұсталды
Ақтөбеде жанармай құю бекеттері желісінің басшысы, 49 жастағы кәсіпкер Айболат Жисовтың өліміне қатысты күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Қылмыс жасалғаннан кейін екі күн өткенде қолға түскен азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ақтөбеде кәсіпкер Айболат Жисовты атып өлтірді деген күдікті ұсталды.
Полицияның мәліметінше, күдікті жедел-іздестіру шаралары барысында анықталған. Ол – Қазақстан азаматы, Ақтөбе қаласының тұрғыны. Ақтөбе облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әсет Қалиев күдіктінің ұсталғанын растады.
«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері кәсіпкерді өлтірді деген күдіктіні анықтап, ұстады. Ол Қазақстан Республикасының азаматы, Ақтөбе қаласының тұрғыны болып шықты. Қылмысты ашу үшін Ақтөбеге ІІМ орталық аппаратының тәжірибелі жедел қызметкерлері жіберілді. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы ІІМ бақылауында», – деп хабарлады полиция.
Қайғылы оқиға 16 қараша күні таңертең Ақтөбе қаласында болған. 49 жастағы Айболат Жисов өз үйінің ауласында атыс қаруынан жарақат алып, оқиға орнында көз жұмған.
Күдікті туралы не белгілі?
Tengrinews.kz мәліметінше, алдын ала ақпарат бойынша ұсталған азамат марқұмның көршісі болуы мүмкін. Алайда полиция бұл деректі ресми түрде растаған жоқ. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторында отыр. Қылмыстың нақты себебі, күдіктінің кәсіпкермен байланысы және оқиғаның өзге мән-жайлары анықталып жатыр. Полиция Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді жалғастыруда. Күдіктінің кінәсі сот үкімімен дәлелденген жоқ. Айта кетейік, 18 қарашада Ақтөбеде кәсіпкер Айболат Жисовты жерлеу рәсімі өтті.
Қаз
Рус






