Жаңа Салық кодексі 2026 жылы қолданысқа енгізіледі
Сол жылы банктер мен кредиттік ұйымдардың қызметін реттейтін жаңа Заң жобасы әзірленетін болады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бүгін Мемлекет басшысының биылғы 2 қыркүйектегі "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты Қазақстан халқына жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы Үкімет отырысында оқылды. Құжат экономиканың тұрақтылығын арттыруға және азаматтардың әл-ауқатының өсуіне бағытталған 76 іс-шарадан тұрады.
Осы бағыт бойынша теңгерімсіздікті жою мақсатында төленетін дивидендтерді ескере отырып, банк секторына теңгерімді салық салуды енгізу жөніндегі шаралар қабылданатын болады.
2026 жылдың басынан жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізіледі. Оның негізгі міндеттері: кәсіпкерлер үшін тиімді жағдайларды нашарлатпай; салық режимдерін оңтайландыру; жеке табыс салығы сараланған мөлшерлемесін белгілеу; мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданбай, салық берешегінің шегін ұлғайту; салық берешегі шегінде ғана шектеулер қою; кепілмен қамтамасыз етілмейтін салықтар бойынша берешекті бөліп төлеудің және де басқа да пәрменді шараларды ұсыну.
Премьер-министрдің орынбасарының айтуынша, 2025 жылдың соңына дейін салықтық әкімшелендірудің бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізу көзделеді, бұдан басқа шекара маңындағы кеден бекеттері бойынша жұмыстарды аяқтауға, сондай-ақ кірістердің заңсыз ағынына жол бермеуге бағытталған кешенді шаралар іске асырылатын болады.