Жылу мекемесінің есепшісі 7 млн теңгені жымқырған

569

Жамбыл облысында «Құлан-Энерго Жылу» ШЖҚ КМК бас бухгалтері 7 млн теңгені қалтаға басқан, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Бас прокуратура мәліметінше, Т.Рысқұлов ауданының прокуратурасы «Құлан-Энерго Жылу» ШЖҚ КМК қызметіне бюджет қаражатын жұмсау мәселесіне талдау жүргізу барысында кәсіпорынның бас бухгалтері төлем тапсырмаларымен КМК-ның бюджет қаражатын өзінің карточкалық шоттарына аударғаны анықталды. 


Бұл ретте, өзінің қылмыстық әрекеттерін жасыру мақсатында төлем тапсырмаларының бағанына тауарлар, кәсіптік, ғылыми және техникалық қызметтер үшін төлемдер ретінде төлемнің мақсатын көрсеткен. 


Осы факті бойынша аудан прокуратурасы ҚК-нің 189-бабының 3-бөлігі 1-тармағы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне сотқа дейінгі тергеу жүргізу үшін тапсырылды. Тергеу аяқталғаннан кейін, қылмыстық іс сотқа жолданды. 


“Аудандық соттың 23.06.2023 жылғы үкімімен кәсіпорынның бас бухгалтері қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалып, сондай-ақ коммерциялық және өзге де ұйымдарда 3 жыл мерзімге материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалды”, – делінген хабарламада.


Үкім заңды күшіне енді. Заңсыз аударылған ақша мемлекетке толық көлемде қайтарылды.