Ауылға келген жас дәрігерлерге өңірлер көтерме қаражат бөлуі керек — министрлік

2 287

Фото: Pexels1 қарашаға дейін заманауи перинаталдық орталықтар құжаттамасы әзірленіп, Шымкент пен Қарағандыда құрылысты бастау қажет. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов тапсырма берді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

— Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, қолданыстағы және жаңадан ашылатын денсаулық сақтау нысандарын медициналық мамандармен жасақтау жөнінде түбегейлі шаралар қабылдасын. Біз жыл сайын кадр тапшылығын азайтуға тиіспіз. Бұл көрсеткіш Денсаулық сақтауды дамытудың 2030 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасында көрініс табуы керек, — деді Олжас Бектенов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Премьер-Министр өңір әкімдіктеріне босандыру және балалар ұйымдарының инфрақұрылымын жақсарту және материалдық-техникалық базасын нығайту жөнінде нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

— Барлық өңірлерде ауылға жұмыс істеуге келетін жас дәрігерлерге көтерме қаражаттың бөлінуін қамтамасыз ету маңызды. Денсаулық сақтау министрлігі, ұлттық ғылыми орталықтар диагностика мен емдеу сапасын жақсарту үшін өңірлік медициналық ұйымдарға жаңа технологиялар трансфертін тұрақты негізде қамтамасыз етуге тиіс, — деді Үкімет басшысы.