Қарттар үйінің тұрғындары кешкі астан уланғандарын айтып көмек сұрады
1 368
Ақтөбеде қарттар мен мүгедектерге арналған әлеуметтік орталықта жатқандар консерв, бәліш пен тауық етін жегеннен кейін бірнеше адамның уланғанын хабарлады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Интернатта өткен аптадан бері басын көтере алмай жатқан қарттар бар.
Айтуларынша, бейсенбі күнгі кешкі астан кейін бірнеше адам өздерін жайсыз сезінген.
“Біз үлкен қиындыққа тап болдық. Интернаттағылардың жартысы уланып қалды. Бейсенбі күні кешкі асқа консерв, бәліш және тауық етін жедік. Содан кейін ауырдық. Мен өзім екі күн бойы раковинаның алдында отырдым. Басында өзім ғана ауырдым деп ойладым. Кейін интернаттағылардың жартысы ауырып жатқанын естідім. Бізге көмектесіңіздер. Бұрын мұндай болған емес. Осында 20 жылдан аса тұрамын. Мұнда дәрі де жоқ. Біз ешкімге керек емес сияқтымыз, көмек керек”,- деді интернат тұрғыны.
“Алаңдайтын ештеңе жоқ. Улану болмады. Ротавирусный инфекция. Іштегі врачтар қарады. Жағдай қалыпты, емдеп жатыр. Қорқатын ештеңе жоқ. Оншақты адам ауырып қалды. Іштері кетті. Бізде барлық жағдай тұрақты”,- деді №1 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Асылбек Мұханбетқали.
Орталық директорының айтуынша, интернаттағы жағдай санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хабарланбаған.