Ерұлан Жамаубаев 7 айда төрт облыста және бірнеше министрлікте бюджет қаражаты дұрыс игерілмегенін мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Мемлекеттік бюджет шығыстары 98,7%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары 99,6%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98%-ке атқарылды. Республикалық бюджет бойынша 10 трлн теңге жұмсалды. Жұмсалмай қалған 41 млрд теңге бар, оның ішінде 10 млрд теңге үнемделген, ал 31 млрд теңге игерілмей қалған», - деді Қаржы министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары бұрынғы білім және ғылым, ішкi iстер, қаржы және төтенше жағдайлар министрліктерінде байқалған. Оның негізгі себептері: шарттар жасасу рәсімдерін ұзақ уақыт жүргізу, орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларды уақтылы ұсынбау, төлем шоттарын кеш ұсыну, төлем нақты көрсетілген қызмет көлемі бойынша жүргізілуі, есепті айда қаражаттың шығындалуына қажеттіліктің болмауы.
Сонымен бірге, жергілікті бюджеттердің шығыстары 5,5 трлн теңге болса, оның 113 млрд теңгесі жұмсалмай қалған.
«Биыл өңірлерге 3,3 трлн теңге нысаналы трансферттер көзделген, 1 тамызға 1,6 трлн теңге бөлінген және оның 97%-і игерілген. Жұмсалмай қалған 48 млрд теңгенің 5 млрд теңгесі – үнемделген қаржы, ал 43 млрд теңге игерілмеген. Әсіресе, Маңғыстау, Алматы, Ақтөбе және Қарағанды облыстары қаражатты дұрыс игермеген. Оның негізгі себептері: жобалау-сметалық құжаттаманы түзету, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, қазынашылық органдарына төлеуге берілетін шотты кеш ұсыну», - деп түсіндірді Жамаубаев.