Жетім балаларды қабылдайтын кәсіби отбасы институты енгізіледі
Мәжіліс отырысында Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан ата-ананың қарауынсыз, тұрмыстық қиын жағдайда қалған балаларды қабылдаушы отбасы институтын заңға енгізу мәселесін түсіндіріп берді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Оның сөзінше, қабылдаушы отбасыларға түскеннен кейін бірінші кезекте балаларды әрі қарай өзінің тұрақты отбасына орналастыру механизмдері жұмыс істейді. Яғни, балаларды қабылдап алатын ата-анасының жақын туыстары іздестіріледі.
Ал заңда жақын туыстар тізімі нақты көрсетілген. Олар: атасы, әжесі және ата-анасының туған бауырлары мен апа-қарындастары. Мұндағы негізгі саясат – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды жақын туыстарына беру.
Вице-министрдің сөзінше, заң жобасы қабылданған жағдайда бұл норма заңды күшіне енгенше 6 ай уақыт керек. Жергілікті әкімдіктер осы аралықта заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес, қабылдаушы отабсыларды дайындайды. Осылайша норма кезең-кезеңімен енгізіледі.
Білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша 2 кодекс пен 5 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.