ҚЫЗЫЛОРДАДА КӨМІР ТАПШЫ

1 006
Қызылорда   қаласында көмір тапшылығы орын алуда, деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

  Қыс болса, қыр астында демекші, қылышын сүйретіп, қаһарланып қыс мезгіліде келіп жетті. Аязды қыстың өзекті мәселелері де қоса келеді дегеніміз артық болмас. Күн суыта бастаса,  қарапайым халықтың мұң-мұқтажы жылу болып табылады. Қызылорда қаласының орталық бөлігіндегі үйлерде  орталықтандырылған жылу берілгенімен, көп ұзамай жылу батареялары жарылып сапасы сын көтермей отыр. Ендігі кезекте шет аймақтағы қатты отын пайдаланатын қарапайым халыққа көмір жетпей зар  қағуы. Осы орайда, «Жеңіл машинамен келіп түнеп жүргеніме 1 апта болды.  Тіпті көмір үлестірілгеннің өзінде, таразыдан жеулерін де қояр емес. Бір қыстан шығуымызға   5 тонна көмір жеткілікті. 1 тоннаның өзі 14 400 теңге жүк көлігінің тиеп беруі мен жеткізуін қоса алғанда 85 000 мың теңгені  құрайды. Түнде вагонмен келген көмір келесі күні тек түскі уақытқа дейін сатылып, таусылып жатыр. Сонда түнелтіп кезекке тұрғанымыздың не керегі бар, бізге кезек келем дегенше жетпесе? Енді келесі вагонның қашан келері белгісіз» - дейді Наурыз ауылының тұрғыны Бейсембек ағай. Сонда қатты отынның жеткізілуі қиындық тудырады ма? Әлде жеткізілген көмір халыққа шамадан кем беріліп жатыр ма? Расында, көмір тұтынушылардың саны азайғанымен көмір тапшылығы азаяр емес. Халықты қақаған аязда дала да түнелтіп қойып, қарап отырған облыс әкімдігінен не қайыр, не үміт? Өткізіліп жатқан брифингтердің пайдасы қане? Жұмсақ та жылы жерде отырып, халықтың жағдайы жақсарады деп ойлаған облыс әкімі Әбдіқалықова Гүлшара Наушақызы  жағдайды біле тұра қалай әрекет жасамай отыр?


Сыр елінің жыл сайын қайталанатын мәселесі қатты отынның тапшы болуы бүгінгі қара халықты мезі етті.  Қызылорда қаласында орналасқан теміржол тұйығындағы жалғыз қоймада бір жетіден бері жүк көліктері кептеліп, көмірдің кезегінде тұр. Қаладағы көмір қоймасының аумағында қазіргі таңда 70-тен аса жүк көлігі қаз-қатар тізіліп тұрғанын құзырлы орындар білсе де білмегеннің сыңайын танытудан жалығар емес. «Көрмес түйені де көрмес» демекші, көзі ашық көкірегі ояу атқа мінер азаматтарымызға арқа сүйеуден қалғанымыз ба? Сол жерге жиналған жұртшылықтың барлығы  дерлік ауыл мен қаланың шет аймақтарынан келген тұрғындар. Қатты отынның жоқтығынан жүргізушілер бірнеше күннен бері көлікке түнеп, әбден әбіржіп отыр. Келген көлік саны  күннен-күнге көбейіп жатқанымен, көмір тиеп шығып жатқан көлік көрмейсіз. «Мен өзім жүк көлігінің жүргізушісімін. Көмірді алып, халыққа және өзімнің туыстарыма қаппен сатамын. Кезекке тұрғаныма 1 апта болды. Клиенттер телефонмен хабарласып, көмірді сұрап қояды. Ал біздің тұрысымыз мынау. Кейбір мекеменің камаздары тіпті 20-30 тонналап алып кетіп жатыр. Ал біз секілді қара халыққа  не бәрі 5-6 тонна болса болды. Соғанда ырза болып қайтамыз. Бірақ өздеріңіз көріп тұрғандай кезектің жылжитын түрі жоқ – дейді жүк көлік жүргізушісі Айдос.  Бұл мәселені жылы жерде отырған билік басындағылар біліп отырып, түсіндіру   жұмыстарын жүргізгенімен, ешқандай нәтиже жоқ. Осы орайда, түсіндірме жұмыстарынан гөрі, іс-әрекет жүзеге асқан жөн болар. Көмір іздеп келгендердің арғы басы Түркістан облысынан, бергі басы Аралдан келіп отыр. Жалпы бұл қоймаға сонау арқа төріндегі Шұбаркөлдің көмірі әкелінеді  деседі. Үш-төрт күнде 4-5 вагоннан жеткізілуде. Алайда, оның өзі қойманың басында күндіз-түні тапжылмай кезек күткендерге де толық жетпей отыр. Өйткені, баса көктеп тиеп кететіндердің де саны азаяр емес. Сондықтан, қатты отынды ауылға жеткізу қиындық тудырып  отыр.  Жалпы өңірге көмірдің бес түрі жеткізіледі. Облыстық энергетика басқармасының мәліметінше, осы кезге дейін 132 мың тонна қатты отын аймақтағы қоймаларға үлестіріліпті. Жалпы Қызылорда қаласында Шұбаркөл көміріне ең төменгі баға 14 400 теңге белгіленген болса, Қазалы және Қармақшы аудандарында ең жоғары баға 18 000 теңгені құрайды. 
    Осы орайда,  «Көмір барлығына жетеді. Күнделікті 7 вагон тіпті 13-14 вагон келіп жатыр. Бірақ күнделікті сатылымы жылдам болғандықтан, тапшы. Көмір Шұбаркөлден жеткілікті жіберіледі. Бірақ кейде теміржолдың әсерінен уақытынан кеш жетіп жатады. Өйткені, вагондар жолда Қоскөлде, Жезқазғанда тұрып қалады. Сол себептен халықтың көп күтіп, кезекте тұрып қалуы да содан. Енді темір жолдың бұл қателігіне біз жауапты емеспіз. Жалпы келісім шартқа отырған мекемелерге 8 тоннадан беріп жатырмыз. Ал қалған көмір тұрғындарға сатылып жатыр. Тіпті Түркістанның тұрғындары да келіп алуда. Кезекке жеңіл машиналарын қояды да, кезегі келген кезде камаздарды кіргізеді. Негізінде тамыз айынан бастап біз жинауды бастаймыз. Сол уақытттан бастап сатылымға шығады.  Ал арнайы келісім шартқа отырған мекемелердің көмір алу науқаны бітті десемде болады. Қазір тек тұрғындарға ғана сатылып жатыр. Әкімшіліктен арнайы адамдар келіп түсіндіру жұмыстарын жүргізіп кетті. Жалпы айтқанда көпбалалы аналарға, мүгедектерге кезексіз әкімшіліктің тікелей басқаруымен беріледі. Негізінде көмір қоры жеткілікті деп айта аламын»-дейді көмір қоймасы директорының орынбасары Төремұратов Ғани.
     Қыстың қамын жазда ойлаған шырылдаған халыққа көмір толығымен жеткізіліп берілетіндігі алға тартылып отыр. Лайым, солай болғай. Қаһарлы қыста еліміз телміріп қалмаса игі. Атқарылған істердің бағыт-бағдары айқындалып, оң нәтиже беріліп жатса нұр үстіне нұр болар еді. Басқа өңірден көмір іздеп келгендердің саны азаяр емес екендігін де ұмытпаған абзал.  Десек те, бүгінгі көмірдің уақытылы жеткізілмей отырғандығы басты себеп екендігі аңғарылды. Ендігі жерде халыққа сабыр сақтау ғана қалып отыр.
                                                                                                         Тұмар ХАНЫМ