Түркістан билігі шіркеймен күресуге асықпағаны ма?

151
Қызылорда облысы мен  Түркістан облысының кейбір аудандарын шіркей басып жатыр, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

 Шіркейдің адамдарды талауы былай тұрсын, қара бұлттай төніп келетін оның шабуылынан үй құстары, жас төлдер тырапай асып өліп қалады. Өрісте мал жайылудан қалып, көктемнен көтерем шыққан ірі қаралар шіркейдің зобалаңынан арам қатқанын да көргенбіз. Қысқасы, мамыр-маусым айларында еліміздегі ең ұзын өзен бойын қоныс еткен ауылдар мен шаһарлар үшін бұл қансорғыштар кәдімгідей үлкен проблема. Одан соң шілденің ортасына дейін ызыңдап есті шығаратын сары масаның әлегі тағы бар. 

Оңтүстік аймаққа  көктем келіп, күн жылынған мезгілде шіркей қаптап кетеді. Расында бұл жыл сайынғы халықтың үйреншікті әдетіне айналып кеткендей-ақ.  Дария жағасында орналасқан бірқатар аудандардың тұрғындары осындай жәндікке таланып жатыр. Зиянкестің көптігі соншалықты жұрт тіпті далаға шығудан қалған. Қас қарайғанша үйде қамалып отыруға көшіпті.
 
Отырар ауданына қарасты ауыл тұрғындары  күндіз көшеге шығудан қалды. Шыққан күннің өзінде бетін тұмшалап жүреді. Себебі көктем шыққалы қаптап кеткен шіркеи құлақ, мұрынға кіріп, денеңді шағып тастайды, дейді. 
 
Адамды ауру қылып, жаңа туған аң мен құсты қырып жатыр деп  дабыл қаққан тұрғындар әлеуметтік желілерге үздіксіз видео жариялауда. Шіркейдің көптігі сонша, тұрғындар беттерін тұмшалап алуға мәжбүр. 
 
Әлеуметтік желіде жарияланған видео авторының айтуынша, шіркейлер жұмыртқа ашқан қырғауылдың балапандарын жеп қойған.

«Тіпті, қоян көжектері мен төлдеген сиырдың бұзауы және жылқылардың құлындары өліп кетіп жатыр», - дейді автор.

 «Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының тапсырысына сәйкес дернәсіл шіркейлермен күресу үшін «bacillus thuringiensis» бактериялық препараттарын суға жіберу әдісі қолданылып жатыр. Ал, су қорғау аймақтарында, яғни жағалаудағы ағаштардың бұталары мен елді мекендерде, демалыс аумақтарында химиялық инсектицидтер өңдеу әдісін қолдану арқылы тиісті дәрілеу жұмыстары атқарылады», - делінген хабарламада.

Түркістан облысында орын алған жағдайдың алдын-алуға емес онымен күресуге кіріскен жергілікті билік төрт аудан мен екі қала үшін бюджеттен 643 млн теңге бөлген. 40 млн теңгесі зерттеу жұмыстарына жұмсалса, қалған бөлігі аумақты залалсыздандыруға қажетті дәрі-дәрмек алуға, жұмысшылардың еңбек ақысын төленетіндігін жеткізуде.
 
«Сырдария өзені бойында және Шардара, Отырар ауданы мен Арыс қаласында 7 нүкте анықталып отыр. Онда біз екі реттен биологиялық жұмыстар жүргіздік. Әр шіркей 100-ден 200-ге дейін ұяшық тастайды. Бірінші реттік жұмыстардың барысында 80-85 пайыз ұяны жойдық. Ал, 10-15 пайыз шіркей ауаға ұшып шығып кетті. Былтырғы жылға қарағанда саны 4-5 есе көп. Егер біз жұмыс жасамағанда шіркейлер ошағы Түркістан облысын басып қалар еді. Бұл жұмыстарға 70-тен астам техника, 90-нан астам жұмысшы жұмылдырылып отыр», - деді «Satti tulik» ЖШС директорының орынбасары Қайрат Ермен.