"2023 жылы президентіміз сақ болуы керек", нумеролог келер жылға болжам жасады

436
Қазақстандық нумеролог Гүлдана Дербесова 2023 жылға арналған болжамын айтты, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап. 




Гүлдана Дербесова нумерологиялық есептеу бойынша келер жылдың 7 санында Кету планетасы (астрологияда көлеңкелі, отты планета) ретінде қарастырылатынын түсіндірді. 

Кету көрінбейтін көлеңкелі планета болғандықтан, адамдар да алдағы жылы өздерінің ішкі көлеңкелі тұстарына қатысты толғана бастайды. Көпшілікті "мен кіммін, өмірге не үшін келдім, қандай міндет атқаруым керек?” деген сауалдар ойландырып, ізденіске итермелейтін болады,- деді маман. 

Нумерологтың сөзінше, осы жылы алдына арман, мақсат қойып, шыдамдылық пен сабырлылық танытқан жандардың жолы болмақ.


Қазақстанда қандай өзгерістер орын алады?

Маман алдағы уақытта елде айтарлықтай өзгерістердің болмайтынын тілге тиек етті. Алайда қазірдің өзінде байқалып жүрген дағдарыстың жалғасатынын жасырмады. Сөзінше, бұл, әсіресе, кәсіптегі қалталыларға бірінші білінетін болады.

Келер жылда да ақшалай қаржылық тапшылықтар орын алады. Сондықтан табысыңызды оңды-солды шашып, керексіз несиелер алудан аулақ болыңыз. Қаражатты үнемдеп ұстап, барынша жинауға кеңес берер едім,- деді нумеролог. 

Гүлдана Дербесова 2023-жылы тағы бір оқшауланудың болуы мүмкін екенін ескертті. Сөзінше, ауру, індет секілді дүниелердің салдарынан келер жылдың көктемі немесе күзінде ел тағы да оқшауланып, сақтық шаралары күшейтілуі мүмкін. 



2023 жылы президентімізге сақ болу керек

Маман келер жылда президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевта 1 саны шығып тұрғанын қоса кетті.

Сөзінше, астрологиялық сипатта 1саны күн планетасын білдіреді екен. Бұл қандай салада болсын сәттілік серік болып, жолы болады дегенге саяса керек. Нумеролог, астрологтың мәліметінше, 1 саны сонымен қатар жаңа идеялардың туындайтын кезеңіне жатады.

Қазақстанды, әрине, онсыз болжамаймыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл өзінің қаншалықты сабырлы, ұстамды, еңбекқор екенін көрсете білді. Кез келген кикілжіңдерді шеше алатынын дәлелдеді.  Дегенмен, келер жылы президентіміз денсаулығына аса мән беруі керек. Себебі айналасындағы дос деп жүрген адамдар тұтқиылдан сатқындық, бопсалау мен қысымдар жасауы мүмкін. Қандай жағдайда да өзіне сақ болғаны жөн, - деп қосты маман.


Соғыс қашан аяқталады?

Гүлдана Дербесова алдағы уақытта Ресей билігінде де өзгерістер қатты байқалатынын алға тартты. Сонымен қатар жаһанды алаңдатқан Ресей мен Украина арасындағы соғыстың әзірге тоқтамайтынын тілге тиек етті.

Ресей мен Украина арасындағы кикілжіңдер әлі де жалғасады. Бір алланың қолында, бірақ біздің болжам бойынша, 2026-жылға қарай бір нүктесі қойылуы мүмкін. Ал әзірге ешқандай өзгеріс болмайды. Келісімшарттар жасалынып, талқылаулар болған күнде де қайтадан түсініспеушіліктер мен қақтығыстар орын алады. Ал қақтығыстар біткен соң, тұтқиылдан шабуылдар болып, осындай жағдайлар қайталана бермек. Негізі мұның бәрі бос әурешілік,- деді ол.


Көпшілік жұптарын табуға тырысады

Нумеролог 2023 жыл қоян жылы болғандықтан тазалықты сүю, жанұяға жылулық сыйлау сынды сезімдердің басым болатынына сенімді. Сол себепті осы жылы адамдар, іштей қатты жалғызсырап, айналасынан өзіне серік іздейтін болады.

Көпшілік жұптарын табуға тырысады. Бұл жерде тек жалғызбастылар ғана емес, отбасын құрғандардың өзі  үйінде махаббат пен үйлесімділік болмаса, басқа жақтан жылулық іздеп кетуі ғажап емес. Сондықтан осы жылы жанұяға берік болып, өз-өзімізбен жұмыс істеу маңызды, - деп қосты маман.



Нумеролог келер жылы адамдардың түрлі дүниелерге қызығушылығы шамадан тыс артатынын алға тартты. Сондықтан алаяқтар мен қаржылық пирамидаларға алданып қалу жағдайларынан сақтануға шақырды. 

Қоян жылы еңбекті талап етеді. Сондықтан жылы жерден тұрмай жатқан жандар болса, олардың бұл жылдан алары да, берері де болмайды, - деп қорытты маман.