БИЫЛ ТӨЛ ТЕҢГЕМІЗГЕ - 29 ЖЫЛ
110
15 қараша - Ұлттық Валюта - теңге күні және ҚР қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. 1993 жылы дәл осы күні Ұлттық валюта – теңге айналымға енгізілген болатын,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Бүгін атаулы күнге орай Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында қаржы саласына елеулі үлес қосқан сала ардагерлері төл теңгенің тарихына шолу жасады.
-1993 жылдың қараша айында ұлттық теңгеміз қолданысқа енгізіліп, төл теңге ретінде айналымға қосылды. Мінекей, бүгінде Ұлттық валютамызға – 29 жыл толып отыр. Тәуелсіздікке енді қолымыз жеткен уақытта қаржы саласында көптеген қиындықтар орын алды. Еліміздегі баға тұрақсыздығы, инфляция деңгейінің жоғарылауы ақша-несие саясатын жедел әзірлеуге ықпал етті. 1993 жылдың мамыр айында Англия елінің фабрикасында теңгеміз басып шығарылып елімізге әкелінді. Соған сәйкес, 1993 жылы қарашада төл теңгеміздің тарихи сәтіне куә болған едік. Қазіргі таңда еліміздің экономикасы қарқынды дамуда. Бүгінгі мерекемен барша халықты құттықтаймын!, - деді қаржы саласының ардагері Ниязбек Мақанжанов.
-1992 жылы ұлттық теңгеміздің толық кескіні бекітілген болатын. Сол кезден бүгінгі күнге дейін төл теңгеміз қаржы саласының ең маңызды бөлігі ретінде рөл атқаруда. Атап айтсақ, ел экономикасына шетелдік инвестициялар тартылып, өндіріс пен ауыл шаруашылығы нарықтық экономикаға сай қайта жаңғыра бастады. Бұл халықтың әлеуметтік жағдайын оңтайландыруға өз септігін тигізуде. Сол себепті бүгінгі атаулы мерекенің тарихта ойып тұрып орын алуы тегін емес, - деді қаржы және салық саласының ардагері Дайрабай Ысқақов.
-Бүгін Ұлттық валюта мен қаржы саласының кәсіби мерекесі. Осыған орай тарих беттерін парақтасақ, 1999 жылдан бастап мемлекетіміздің экономикасы тұрақтала бастады. Халқымыздың әлеуметтік жағдайы жақсарып, елімізде өндіріс саласы дами бастады. Алғаш валюта енгізілген күннен бастап теңгеміздің дизайны әртүрлі болып ерекшеленді. Осы себепті қаржы нарығында елеулі қызмет атқарған сала ардагерлерінің еңбегі өлшеусіз, - деді қаржы саласының ардагері Қалқазбек Әжібеков.
-Аймақтың қаржы қазандығы 1993 жылы бар болғаны 135 млн теңге болса, білікті қаржыгерлердің жүргізген сапалы саясатының нәтижесінде бюджетіміз жыл өткен сайын еселеніп артты. Бүгінде облыстың барлық салалары жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде. Мәселен, республикада облысқа тартылған инвестиция көлемі бойынша бірінші орынға ие болдық. Бұл өңірдің әлеуметтік-экономикасына оң әсер ететіні сөзсіз. Бүгінгі Ұлттық валюта және қаржы саласының кәсіби мерекесімен баршаңызды құттықтаймын, - деді облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай.