Балық шаруашылығына бөлінген 150 млн теңгені желге ұшырған кәсіпкер жазаланды
2022 жылы Жамбыл облысындағы акционерлік қоғам мен жеке кәсіпкер «N» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құру туралы шарт жасасқан, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Мұндағы мақсат – балық шаруашылығын дамыту жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру. Жобаны іске асыру үшін акционерлік қоғам жаңадан құрылған серіктестіктің жарғылық капиталына 150 млн теңге үлес қосқан. Бұл қаражат жем сатып алуға, құрылыс жұмыстарын жүргізуге және материалдарды сатып алуға арналған.
Алайда, Жоғары аудиторлық палата мен прокуратураның тексерісі жобаны жүзеге асыру кезінде бұзушылықтар орын алғанын анықтады.
Нысанда тазарту қондырғысы, сондай-ақ салынған қаражат есебінен сатып алынуы тиіс жем-шөп болмаған. Сонымен қатар, жобаны салу және қаржыландыру бойынша жекелеген міндеттемелер мерзімдерді бұза отырып орындалған.
Акционерлік қоғам кәсіпкерден салынған ақшаны қайтаруды талап еткен, бірақ кәсіпкер оны орындамаған.
Сот, істің материалдары мен тараптардың дәлелдерін зерттеп, жауапкер өз міндеттемелерінің тиісті орындалуын қамтамасыз етпеді және қаражаттың мақсатты пайдаланылуы жеткілікті дәлелдермен расталмады деген қорытындыға келді. Жауапкер ұсынған құрылыс жұмыстарын жүргізу және жабдықты сатып алу туралы дәлелдер талап қоюдан бас тартуға негіз болған жоқ.
Сот шешімімен талап қою қанағаттандырылды. Жауапкерден негізгі салым, инвестициялық капитал, тұрақсыздық айыбы және мемлекеттік баж өндірілді. Өндіріп алынған жалпы сомасы 192,9 млн теңгеден асты.
Шешім заңды күшіне енді.
Қаз
Рус






