Қарақат Әбден қой жүнін өңдеу саласындағы проблемаларды көтерді

2 237

Фото: rbsmi.ruМәжіліс депутаты Қарақат Әбден қой терісі мен жүнін өңдеуге қатысты мәселе көтерді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, өңірлер өз бюджетінің қайнарын өз қолымен қалыптастырып, қаржылық дербестігін арттыруы қажет.

"Қарапайым статистиканың өзі-ақ мәселені айқындайды: 2025 жылдың басында Қазақстанда 9,6 млн ірі қара, 20 млн-нан астам қой-ешкі бар. Жылына жүздеген мың тонна жүн, тері, ішек-қарын өндіріледі. Алайда қой жүнінің 70 пайызға дейінгісі және терінің 50 пайызға жуығы сұраныссыз қалып, шаруашылықтарда өртеліп немесе шіріп кетеді. Бұл – табыс көзінен айырылу ғана емес, ұлттық экономика үшін жіберілген үлкен мүмкіндік. Халықаралық тәжірибе (Иран, Түркия, Өзбекстан, Моңғолия) көрсетіп отыр. Мал шаруашылығының қосалқы өнімдерін өңдеу – табысы зор сала. Ол толық циклды қамтиды: шикізатты жинаудан бастап мата, кілем, киім, жиһаз және фармацевтика өнімдерін өндіруге дейін", – деді депутат.

Қарақат Әбден Қазақстанда бұдан да мол мүмкіндік бар екенін айтады.

"Ал біз әлі күнге дейін шикізатты ысырап қылып, мүмкіндікті қолымыздан шығарып келеміз. Елге жеке кәсіпорындар ғана емес, барлық негізгі өңірлерді қамтитын өңдеу кәсіпорындарының толыққанды желісі қажет. Ендеше, мал шаруашылығының қосалқы өнімдерін өңдеу ісі – дәл осындай серпінді бастаманың алдыңғы қатарында тұруы тиіс", – делінген депутаттық сауалда.