Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар енді табысының 4%-ын төлеуге міндеттеледі

1 439

Фото: gov.kzЖаңа салық кодексі аясында өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдарға арналған арнайы салық режимі енгізілмек. Осылайша, аяқкиім жөндеп, суретке түсіретін, кісі тасып, курьерлік қызмет көрсететін тұрғындардың салықтық жүктемесін мейлінше азайту жоспарланып отыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.

Ал ең бастысы – олар жеке кәсіпкер есебінде тіркелуге міндеттелмейді. Тек табысының 4 пайызын әлеуметтік төлемдерге аударса болғаны. Ұлттық экономика министрлігі бірден екі құжатты қоғам талқысына шығарды. Бірі – оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдануға тыйым салатын қаулы. Келесісі – рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімі. Алдымен алғашқысына тоқталайық. Енді ірі бизнеспен байланысы бар салаларға жеңілдетілген салық режимі қолданылмайды. Яғни, тыйым тізіміне өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, жер қойнауын пайдалану, көтерме сауда, 2000 шаршы метрден астам алаңдағы бөлшек сауда, телекоммуникация, интернет пен IT, қаржылық және сақтандыру қызметтері кіреді. 

Осы әңгіме басталғанда білім беру, медицина, тамақтану секторларында жұмыс істейтін кәсіпкерлер қызмет құны қымбаттайды деп дабыл қақты. Қазір тізім шықты. Енді бұл салалар шынымен салықтық жеңілдіктерден айырыла ма деген сауал туындайды.

Иә, мұндай мәселелердің көтерілгені рас. Жекеменшік білім орталығының өкілдері салық ставкасы екі-үш пайыз өссе, қызмет құнын қымбаттатуға тура келеді деді. Болмаса, мекеме жұмысын тоқтататынын айтты. Қалай алсақ та салмағы халыққа түседі деген еді. Бірақ министрлік ұсынған тізімге қарағанда балабақша, білім беру орталықтары мен медицина және әлеуметтік қызмет салалары үшін салықтық жүктеме өзгеріссіз қалады. Яғни, базардағы саудагер мен үйін не көлігін жалға беріп отырған адамға уайымдауға негіз жоқ. Ол сол 4 пайызын төлейді. Міне, осы секілді тікелей халыққа қатысы бар дәріхана, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, жолаушы тасымалы сияқты 300-ге жуық қызмет түріне жеңілдетілген режим сақталады.

"Сонымен бірге, егер салық төлеуші жалпыға бірдей белгіленген режимге өткен жағдайда, бірақ жылдық табысы 40 миллион теңгеден аспаса, онда ол ҚҚС төлеуші болып тіркелмей, өз қызметін жүзеге асыра алады. Екінші құжат, ол – өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған рұқсат етілген тізім. Бұл режимді қолдануға құқығы бар азаматтар – айлық табысы 300 АЕК-тен аспайтын, ЖК ретінде тіркелмеген, жалдамалы жұмысшылары жоқ азаматтар, – дейді Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Нұрлыбек Шаймаханов.

Осылайша кодекс аясында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жаңа арнаулы салық режимі енгізілмек. Министрлік өкілі бұл санатқа 46 қызмет түрі кіретінін мәлімдеді. Соған сәйкес, аяқкиім, аспап жөндеп, пәтер жинап, такси не курьер боп жұмыс істейтін тұрғындарға жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндеттелмейді. Бастысы, табысынан 4 пайыз аударуды ұмытпаса, жеткілікті.