АРАЛДА ИНВЕСТ ФОРУМ ӨТТІ

200
Бүгін тұңғыш рет Арал ауданында «Арал Инвест» форумы өтті. Оған еліміздің бірқатар облыстары мен аудандардан делегаттар келіп қатысты,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

 Шараның басты мақсаты - кәсіпкерлік аясын кеңейту, туризм саласын дамыту және инвестиция тарту көлемін арттыру. 

       Маңыздылығы мол жиынға аудан әкімі Серік Сермағамбетов қатысып, ауданда атқарылып жатырған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтып өтті. 


«Соңғы бес жылда ауданда тіркелген шағын орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2368 бірлікке, яғни 1,7 есеге өскен.  Бұған қоса сауда саласы бойынша да жыл басынан бері бөлшек сауданың көлемі 6,3 млрд. теңгеге, көтерме сауда 13 млрд. теңгеге жетті.

 Ауданда индустрия инновациялық даму мемлекетік бағдарламасының ІІІ-бесжылдығы аясында 9 жоба енгізіліп, оның 2-і іске асты. Қазіргі таңда жалпы құны 160 млрд.теңгені құрайтын, іске қосылғанда 1352 адамды жұмыспен қамтитын 7 жоба жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, биылдың өзінде біріңғай индустрияландыру картасына қосымша жалпы құны 5 млрд 674 млн. теңге болатын, 5 жоба  енгізу мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Нысандар іске қосылғанда 500-ге жуық жергілікті азамат жұмыспен қамтылатын болады.

 Бүгінгі күні, мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданымызға инвестор боламыз деген азаматтарға жер телімдерін алу, тиісті инфрақұрылымдар жеткізу, салалық сүйемелдеу жұмыстары және басқа да қолдау шаралары қарастырылған.

 Жуырда ауданымызда «Кәсіпкерлер үйін» ашып, таңдау еркіндігі болу үшін «КМФ» шағын қаржы ұйымы мен «Банк Центр Кредит» несие ұйымдарын ауданымызға шақырдық. Бұл өз кезегінде  кәсіпкерлеріміз үшін барлық қолайлы жағдай жасау мақсатында қабылданған шаралардың бір бөлігі ғана. 

 Құрметті жиынға қатысушылар, шарамызға инвесторлар мен көршілес облыстардағы әріпестеріміз де келіп қатысуда. Сондықтан да форум жұмысы өз нәтижесін беріп, сіздердің жаңа идеяларыңыз, жобаларыңыз бен бастамаларыңыз өңіріміздің дамуына өз септігін тигізеді деген сенімдемін»,- деп аудан әкімі С. Сермағамбетов форум жұмысына сәттілік тіледі

 Мұнан соң жиынға қатысушылар кәсіпкерлік саласын өрістету мен инвестиция көлемін ұлғайту бойынша пікірлерін білдірді.  Түрлі сала өкілдері мен тиісті мамандар, кәсіпкерлер Арал ауданына инвестияция тарту және инвесторларға жасалатын қолдаулар туралы баяндамалар жасады. 

 Арал ауданында алғаш рет өткізілген Инвест форум аясында бес жақты меморондум жасалды. Арал ауданы әкімдігінің бастамасымен «Арал Полимер» ЖШС-нің «Қап шығару жобасы» бойынша инфрақұрылым тарту мен өндірілген өнімді өткізу бойынша «Арал СДО» ЖШС, «Арал Тұз» АҚ, «Арал Кварц» ЖШС-келісімге қол қойды. 
 
Сондай-ақ осы басқосуда Арал ауданы әкімдігі мен «ЮгГазПроект» ЖШС арасында да меморондум болды. Құжаттың мақсаты ауданда орналасқан елді-мекендерді газдандыру бойынша  жоба сметалық құжаттарын аталған демеушілердің көмегімен әзірлеу. 

 Шарада аудан экономикасын дамыту мен кәсіпкерлік саласының өркендеуіне үлес қосып үздік болып танылған бір топ азаматқа аудан әкімі құрмет көрсетіп, алғыс хатпен марапаттады.