"Қазақстан да бар": АҚШ ондаған елге жаңа баж салығын енгізді
АҚШ 60 елге жаңа баж салығын енгізді тізімде Қазақстанның да аты аталды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
АҚШ президенті Дональд Трамп 60 елге, соның ішінде Қазақстанға жаңа сауда шараларын енгізу туралы меморандумға қол қойған. Вашингтонның пікірінше, бұл елдер мәжбүрлі еңбекпен өндірілген тауарлардың импортына тыйым салу талаптарын жеткілікті деңгейде орындамай отыр. Ақ үйдің мәліметінше, тергеуді АҚШ-тың Сауда өкілі басқармасы 1974 жылғы Сауда туралы заңның 301-бөліміне сәйкес жүргізген. Тергеу нәтижесінде бірқатар мемлекеттер мәжбүрлі еңбекпен өндірілген тауарларды импорттауға мүлде тыйым салмағаны немесе мұндай тыйымның тиімді орындалуын қамтамасыз етпейтіні анықталған. Осыған байланысты АҚШ аталған елдерден импортталатын тауарларға қосымша кедендік баж салығын енгізу туралы шешім қабылдаған.
Жаңа кедендік баж мөлшерлемелері 10%-дан 12,5%-ға дейін болады. Олар жұма күні күшіне еніп, биыл Трамп енгізген бірыңғай 10 пайыздық жаһандық тарифтің орнына қолданылады. Жарияланған жаңа баж салығы АҚШ-тың ондаған сауда серіктесіне, соның ішінде Қытай, Үндістан және Еуропалық одақ сияқты ірі экономикаларға қатысты енгізіледі. Бұл елдер АҚШ импортының шамамен 99 пайызын қамтамасыз етеді.
"АҚШ мәжбүрлі еңбекпен өндірілген тауарлардың импортына жүз жылға жуық уақыт бойы тыйым салып, оны қатаң орындап келеді. Енді біздің сауда серіктестеріміздің де осы талапты ұстанатын уақыты жетті", – деді АҚШ-тың Сауда өкілі Джеймисон Грир.
Қазақстанға 12,5% мөлшерінде қосымша кедендік баж салығы енгізілген. Дәл осындай мөлшерлеме Ресейге де қолданылады. Тағы 17 ел үшін төмендетілген 10% мөлшерлеме белгіленген. Олардың қатарында Канада, Ұлыбритания, Үндістан, Мексика, Малайзия және Пәкістан бар.







