Қазақстандықтар ақшасын төлесе де медициналық қызметті ала алмай отыр - Асхат Аймағамбетов

2 593

Фото: © Sputnik / Владислав ВодневДепутат Асхат Аймағамбетов қазақстандықтардың МӘМС-ке жарнасын аударса да медициналық қызметті ала алмай отырғанын айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


"Азаматтарымыздың (медициналық қызметке - еск.) өз қалтасынан төлейтін қаражатты қалай азайтамыз? Ақмарал Шәріпбайқызы (денсаулық сақтау министрі - еск.) осы Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне келгенде "Өзінің алдында тұрған мақсаты ретінде осы азаматтардың денсаулық сақтау саласына төлейтін қаражатын азайтамын" деген. Бұл - үлкен проблема", - деді Асхат Аймағамбетов Мәжілісте.


Депутаттың айтуынша, бүгінде қазақстандықтар МӘМС-ке және ақылы медициналық қызметке ақша төлейді. Бірақ медициналық қызметті уақытында ала алмай отыр.


"Біз МӘМС-ті енгізердің алдында осының мақсаты қандай деп сұрақ қойдық. Онда азаматтардың енді өз қалтасынан емделуге төлейтін қаражаты азаяды деген жауап болған. Бірақ бірнеше жыл өтті. Біз нені көріп отырмыз? Керісінше, бір жағынан азаматтар өз қалтасынан (МӘМС-ке) жарнасын төлейді. Екінші жағынан ақылы (медициналық) қызметке төлейтін ақша азаймақ түгілі біршама көтерілді және көтеріліп те жатыр. Мұның алдында біз медициналық қызметтің сапасы туралы айтатын болсақ, қазір жалпы оның қолжетімділігі туралы айтатын болдық", - деді ол.