"Бір ғажайып болды"...

349
Ақтөбелік Бағдагүл Лепесова бір күнде 15 мыңнан аса адамға онлайн ем жүргізеді. Сұраныстың көптігінен емшінің WhatsApp әлеуметтік желісінде ашқан чатының саны 57-ге жеткен. Оның әрқайсысында 250 адам емшінің кеңесін тыңдайды.
Бағдагүл Лепесованың айтуынша, онлайн түрде ем жүргізу карантин кезінен басталған. 
"Бұрын адамдар келіп қаралды. Онлайн дегенді білген жоқпыз. Елімізде шектеу шаралары күшейген кезде қоңырау шалатындар көбейді. Маған Нұр-Сұлтан қаласынан бір келіншек үнемі қаралатын. Бізге келіп, бөпелі де болды. Карантин кезінде баласының иығы шығып кетіп, "көмектесіңізші" деп видео қоңырау шалды. Ондайды күтпегенмін, басында "қалай саламын?" деп өзім де састым. Көңілін қалдырғым келмеді. "Менің атымды айтып, қолын көтерші" деп едім, видеодан ақ бір нәрсенің жалт еткенін көрдім. Баланың қолы орнына түсті. Бір ғажайып болды. Мен жарнамалап тұрғаным жоқ. Маған адамдар бір-бірінен естіп, өздері келеді", - дейді ақтөбелік емші. 
Аталардың әруағы аян беретінін айтқан Бағдагүл Лепесова әлемге қауіп төндірген індет туралы да болжам жасаған.
 "Карантин кезінде түс көрдім Бекет ата, Есет ата, Назар аталар аян берді. "Халыққа қиын жағдайды ескерт, әрбір үшінші үйден өлік шығады" деді. Өзімнің түсімнен қорықтым. Есет атаның басына барып, құран оқыттым. Атаның басына барғанымда тоқтай алмай жыладым. Ата ақыреттің басталғанын ескертті. Сол кезде WhatsApp арқылы айтқан аудио хабарламам бүкіл елге тарап кеткен. Мен онда халыққа қорықпау керектігін айттым. 
Ата әруағының айтуынша, ауру жел болып кіріп, тер болып шығады. Көп адам сол хабарламаны тыңдағанда ауырып жатқан жерлерінен тұрғанын айтты. Бұрын сынық салғанда ондай қабілетім жоқ секілді еді. Екінші бір тынысым ашылғандай. Айтқан тілегім тез орындалады. Қолымнан келгенше көмектесемін. Бата беремін, жол ашамын. Ешкімді іздемеймін, жарнама жасамаймын. Келгендерге көмек беремін. Адам сеніп келсе, ем қонады", - дейді ол.