Әрбір жұмысшыға медициналық скринингтен өту үшін 3 күндік демалыс беріледі
Қазақстанда әрбір жұмыскер медициналық скринингтен өту үшін жылына 3 күнге дейін заңды әлеуметтік демалыс алуға құқылы. Бұл құқық Еңбек кодексінің 87-бабында көрсетілген. Демалыс күндері орташа жалақысы сақтала отырып, жұмыс орнын сақтап беріледі және еңбек өтіліне есептеледі. Аталған ереже 2020 жылдан бастап күшіне енген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Демалысты қалай рәсімдейді?
Скринингке шақыру учаскелік дәрігерлер арқылы немесе 1414, 109, Damumed сияқты платформалар арқылы хабарланады. Жұмысшы сол негізде жұмыс берушіге өтініш жазып, демалыс алады. Бұл демалысты толық 3 күн немесе бірнеше бөлікке бөліп пайдалануға болады.
Егер жұмыс беруші демалыс беруден бас тартса, қызметкер тұрғылықты жеріндегі Еңбек инспекциясына шағымдана алады. Мұндай жағдайда жұмыс берушіге 20-дан 100 АЕК-ке дейін (400 мың теңгеге дейін) айыппұл салынуы мүмкін.
Қандай скринингтер қолжетімді?
Скринингтер 30 жастан бастап әртүрлі жас топтарына арналып жүргізіледі. Қамтитын аурулар қатарында:
- Жүрек-қан тамырлары аурулары
- Қант диабеті
- Глаукома
- Онкологиялық аурулар (сүт безі, жатыр мойны, тоқ ішек ісігі)
- В және С гепатиттері
2025 жылдан бастап барлық онкоскринингтер тегін әрі сақтандыру мәртебесіне қарамастан қолжетімді болды.
Ерте тіркеу де демалыс алуға негіз
3 күндік әлеуметтік демалыс тек скринингке емес, жүктіліктің алғашқы 10 аптасына дейін тіркеуге тұру кезінде де беріледі.
«Жасыл дәліз» арқылы уақыт ұтасыз
Скрининг кезінде ауру белгілері анықталса, азаматтар «жасыл дәліз» арқылы онколог немесе бейінді маманға кедергісіз жолданады. Бұл – науқасты тез арада тексеріп, емдеуді бастауға бағытталған жүйе.
Дәрігерлер азаматтарды денсаулықтарына бейжай қарамауға, скринингтен уақытылы өтіп, өз құқықтарын пайдалануға шақырады.