Туа біткен бет-жүзінде ақауы бар балаларға операция енді мемлекет есебінен жасалады

1 505

Фото: pikbest.comЕнді Қазақстанда бетінде туа біткен ақауы бар балалар реконструктивті-косметикалық оталарды тегін жасата алады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

“Енді ерін мен таңдай жырығы, ірі гемангиома, тамырлық мальформация және басқа да айқын бет-жүз ақаулары бар балалар реконструктивті-косметикалық операцияларды мемлекет есебінен ала алады. Біз осы бастаманы көтеріп, заңға тиісті түзетулер енгіздік”, – деп жазды депутат Telegram-арнасында.

Аймағамбетовтың айтуынша, бұрын мұндай оталар көбіне “эстетикалық” деп саналып, мемлекет тарапынан қаржыландырылмайтын. Сол себепті ата-аналар қажетті қаражатты өздері іздеуге мәжбүр болып, кейде “Қазақстан халқына” қоры арқылы ғана көмек ала алатын.

“Бірақ мәселе тек сыртқы келбетте емес. Мұндай балалардың тыныс алу, тамақтану, көру сияқты негізгі функциялары бұзылуы мүмкін. Ең бастысы – олардың психологиялық жағдайы мен өмір сапасы зардап шегеді. Халықаралық тәжірибе мұндай операциялардың маңыздылығын дәлелдеп отыр”, – деді депутат.

Аймағамбетовтің сөзінше, бұл шешім мыңдаған балаға қалыпты өмірге оралуға және еркін жымиып, өз-өзіне сенімді болуға мүмкіндік береді.

“Бұл – жай ғана медициналық шара емес, бұл – адамның қадір-қасиетін қорғау, әлеуметтік әділдік пен ең әлсіз жандарға қамқорлықтың көрінісі”, – деп атап өтті ол.

Депутат енді негізгі міндет – осы норманың уәкілетті органдар тарапынан нақты әрі тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету екенін айтты.