Қазақстанда балалардың естуін қалпына келтіру жұмыстары сәтті жүргізілуде

2 523

Фото:© ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіҚазақстанда жүздеген бала кохлеарлық имплантациядан кейін оңалтудан сәтті өтуде,- деп хабарлайды Opennews.kz ақапарт агенттігі Kazlenta.kz сайтына сілтеме жасап.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі есту қабілеті төмен балаларды қолдау және әлеуметтендіру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда. «ӘҚСД ҰҒО» ШЖҚ РМК базасында өткізілетін жеке есту-сөйлеуді бейімдеу курстарының арқасында жүздеген қазақстандық бала есту қабілетін қалпына келтіруге, ауызша сөйлеуді меңгеруге және қоғамға толыққанды кірігуге мүмкіндік алмақ.

Оңалтудың басты мақсаты – күрделі отадан (кохлеарлық имплант орнатқаннан) кейін балаға дыбыстарды танып, сөйлеуді үйренуге көмектесу. Әрбір табысты нәтижеге пәнаралық мамандар командасының ауқымды еңбегі негіз болған. Балалармен сурдолог-дәрігерлер, невропатологтар, дефектолог-сурдопедагогтар, логопедтер, психологтар, сондай-ақ массаж мамандары мен емдік дене шынықтыру нұсқаушылары жұмыс істейді. Әрбір бала үшін оның жас ерекшелігі мен медициналық жағдайын ескере отырып, қатаң түрде жеке оңалту жоспары әзірленген. 2025 жылдың қорытындысы бойынша есту және сөйлеу қабілетін оңалтудан 298 бала (1 жастан 17 жасқа дейін) өтті. Олар үшін барлығы 936 курс ұйымдастырылған. Мамандар тұрақты оң динамиканы тіркеді: Ауызша сөйлеуді еркін қолданатын балалар саны 4,03%-ға артқан.

Сөздер мен қысқа сөйлемдер деңгейінде сөйлейтін балалар үлесі 4,36%-ға өскен.

Есту қабылдауы қалыптаспаған бүлдіршіндер үлесі 5,37%-ға азайған.

2026 жылдың I тоқсанында бұл оң үрдіс сақталуда. Жыл басынан бері орталық филиалдарында 6 оңалту курсы өткізіліп, 234 бала қамтылды: Алматыда – 60 бала, Шымкентте – 36, Қызылордада – 31, Астана мен Ақтөбеде – 30 баладан, Таразда – 24, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында (Орал қаласы) – 23 бала.

Оңалту жыл бойы жүргізіледі. Орталықтың филиалдары бар өңірлерде курстарға балалар күндізгі форматта қатысады. Ал егер облыста филиал болмаса, мемлекет қызметке тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында балаларды жылына бір рет 15 күндік тәулік бойғы оңалту бағдарламасына шақырады.

Бағдарламаға қатысу үшін ата-аналар тиісті бейінді департаментке жүгінуі қажет. Іріктеу ашық әрі бірыңғай қағидалар бойынша жүргізіледі:

– баланың жасы 1 мен 17 жас аралығында болуы тиіс;

– мүгедектік мәртебесі ресми түрде расталған болуы керек;

– кохлеарлық имплант орнату операциясы бұдан 5 жылдан аспайтын уақыт бұрын жасалған болуы қажет.

Мамандар маңызды бір жайтты атап өтеді: оңалтудың барынша тиімді болуы үшін орталық хирургиялық араласудан кейінгі бес жылдық кезең аяқталғанға дейін бірдей жағдайдағы балалармен толық курс бағдарламасын өткізуі тиіс. Сол себепті орталықтарда объективті күту тізімі (резерв) қалыптастырылмақ. Мұндай тәсіл басталған емнің толық аяқталуына мүмкіндік беріп, баланың дербес, толыққанды әрі бақытты өмір сүруі үшін қажетті дағдыларды меңгеруіне жағдай жасамақ.