Алматыдағы жұқпалы аурулар ауруханасының мейірбикелері жұмысы туралы айтты

337
Алматы екі аптадан бері коронавирус инфекциясының таралуы бойынша қызыл аймақта тұр. 

Қабылдау бөлімшесінің аға мейірбикесі Сәуле Трашева мен шаруашылық бикесі Аяулым Сағынтай жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа филиалы ашылғалы бері осында қызмет етеді. Қауіпті аймақта жұмыс істеу үшін тәуекелге бел буып келген мейірбикелер бойында әлі де үрей барын жасырмайды. 

"Қорқыныш бар әрине. Уақыт өткен сайын вирустың жаңа штаммдары пайда болып жатыр. Сондықтан коронавирусқа қарсы екпе алдық. Міне бүгін Аяулым да вакцинаның екінші дозасын салдырып жатыр. Сонда да бойымызда үрей бар. Қаншалықты сақтансақ та, қорғаныш киімін кисек те, шыққанда жуынып-шайынсақ та, бір кішкене болса да вирус тасымалдаймын-ау деп ойлайсың. Үйдегі жақындарыңа, бала-шағаңа жұқтырып алам ба деп қорқасың", - дейді Сәуле Трашева. 

Аға мейірбикенің сөзінше, осы жұмысқа келгелі қонаққа бармаған. Жұқпалы аурулар ауруханасының қызметкерлеріне басында туыстары да қорқа қараған. 

"Басында біздің жұқпалы аурулар ауруханасында істейтінімізді естіген туыстарымыз, жақын таныстарымыз бізге қорқа қарады. Қазір бәрі үйренді", - дейді Сәуле Трашева. 

Қабылдау бөлімшесінің шаруашылық бикесі қызметін абыроймен атқарып жүрген Аяулым Сағынтай өз күн тәртібін айтып берді. 

"Ең бірінші сырттан келгенде, гигиеналық тазалық жағдайына мән береміз. Қолымызды жуудан бастаймыз. Одан кейін обаға қарсы бір реттік киімдерімізді киеміз. Мен жұмыскерлердің ережеге сай киінуін қадағалаймын. Өйткені олар қауіпті аймаққа кіріп бара жатыр ғой. Одан соң өзім қауіпті аймаққа кіріп, ауысымды қабылдап аламын. Басында киіміміз ыңғайсыз болып көрінетін. Біршама ауыртпалық туғызған. Уақыт өте келе тез-тез, ұқыпты киінуге үйреніп алдық", - дейді Аяулым Сағынтай. 

Қабылдау бөлімшесінің аға мейірбикесі Сәуле Трашева медицина қызметкерлерінің қауіпті аймаққа киетін костюмімен таныстырды.

"Біз бірінші пижама киеміз. Осында бізге арнайы шұлық береді. Соны киеміз. Резеңке галошымыз бар. Одан кейін бір реттік обаға қарсы костюмімізді, екі қабат маскамызды киеміз. Бірі жай маска болса, екіншісі респираторлық маска. Сондай-ақ косынка, шлем, одан кейін сыртқы костюмімізді киеміз", - дейді ол. 
Тұла бойы мен бет-ауызын тұмшалайтын обаға қарсы костюм жүріп-тұруды қиындатса да, медицина қызметкерлері оған көндіккен.

"Қарапайым адамдар бір масканы кигісі келмейді. Ал бізге осындай киіммен жүруге тура келеді. Науқастың күретамырын мына қолғаппен табу да қиын. Кейбір адамдар көзілдірік киеді. Оның үстінен қорғаныш көзілдірігін кигенде іші буланып жатады. Стационарда адамдар көбейіп кетсе осындай киіммен ары-бері жүгіреміз. Қанша үйрендік дегенмен тұншығып қаламыз", - дейді аға мейірбике.