Кімдерге пластикалық ота тегін жасалады?

2 581

Фото: pixabay.comТегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясында ел азаматтарының белгілі бір санатына пластикалық ота тегін жасалады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының мәліметінше, сырқатқа ағзасының жоғалған функцияларын қалпына келтіру, өмір сүру сапасын жақсарту және еңбекке қабілеттілігін қайтару мақсатында реконструктивті пластикалық ота МӘМС аясында жүргізіледі. Мысалы, ол күйіп қалған тері пластикасы, онкологиялық аурулардан кейінгі қалпына келтіру немесе балалардың бетіндегі туа біткен ақауларды түзету отасы болуы мүмкін. 

Пластикалық және реконструктивті хирургия - әртүрлі хирургиялық процедуралар жүргізілетін медицина саласы.


Пластикалық хирургия:

  • қол хирургиясы: қол жарақаттары, сынықтар, жүйке зақымдануы сияқты қол проблемаларын емдеу
  • күйік хирургиясы: күйіктерді емдеу
  • жұмсақ тіндердің хирургиясы: теріні трансплантациялау, ісіктерді жою сияқты жұмсақ тіндерге хирургиялық араласу
  • травматологиялық хирургия: жазатайым оқиғалардан туындаған жарақаттарды емдеу.

Реконструктивті хирургия:

  • сүт безін қалпына келтіру: сүт безі қатерлі ісігінен кейін жасалатын сүт безін қалпына келтіру процедуралары
  • бетті қалпына келтіру: беттегі ісіктерді алып тастағаннан кейін бет пішінін өзгерту
  • туабітті ауытқуларды түзету: туа біткен деформацияларды түзету
  • жарақаттан кейінгі қалпына келтіру: жазатайым оқиғалардан немесе басқа жарақаттан кейін пайда болған тіндердің жоғалуын қалпына келтіру.

ТМККК аясында және (немесе) МӘМС жүйесінде мамандандырылған медициналық көмек амбулаториялық жағдайларда өтініш беру себептеріне қарай және мамандардың жолдамасы бойынша жоспарлы тәртіппен көрсетіледі. 


Эстетикалық косметологиялық операциялар - блефаропластика, ринопластика, кеудені көтеру және басқалары тегін жасалатын ота тізіміне енбеген.