Қазақстанда 83 000 жасөспірім қыз адам папилломасы вирусына қарсы егілді
Жатыр мойны ісігін тудыратын адам папилломасы вирусына қарсы екпенің басталғанына 2 ай өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Денсаулық сақтау өкілдерінің айтуынша, вакцинацияның бірінші кезеңі әлі жалғасып жатыр. Салалық министрлік вакцинаның 350 мың дозасы сатып алынғаны жайлы хабарлаған еді. Осы уақытқа дейін жасөспірім қыздардың қаншасы егілді? Екпеден кейінгі оқушылардың жағдайы қалай және вакцинацияның келесі кезеңі қашан? Қатерлі ісік ауруларының ішінде екпенің көмегімен алдын алуға болатын жалғыз дерт – осы адам папилломасы вирусы тудыратын жатыр мойны ісігі. Оның тиімділігіне көптеген ел көз жеткізді. Сондықтан бізде де вакцинация биылғы қыркүйектен бастау алған.
Денсаулық министрлігінің мәліметі бойынша 2 айда 83 мыңнан астам бала егілді. Оның 47 мыңы 11 жастағы қыздар болса, қалған 36 мыңы – 12-13 жастағы қыздар. Оқушылардың көбі екпені мектеп қабырғасында алып жатыр.