Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлердің соққыға жығылуына қатысты әділ құқықтық бағалауды талап етті

2 318

Денсаулық сақтау министрлігі Талғар аудандық орталық ауруханасында дәрігерлердің соққыға жығылуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Министрлік хабарламасында пациент туыстарының шабуылы салдарынан реаниматолог пен мейіргердің ауыр жарақат алғаны айтылған.


“Осы құқыққа қайшы әрекеттерге құқық қорғау органдарының тарапынан сәйкес  баға берілуі, шабуыл жасаған адамдар заңның барлық талаптары бойынша жазалануы тиіс. Дәрігерлерге жасалған мұндай қаскүнемдік шабуылдар, ауыр пациенттерге медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымның қызметіне араласуға мүлдем жол берілмейді және адамгершілікке жатпайды”, – деп мәлімдеді министрлік өкілдері. 


Сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесінде пациенттер мен дәрігерлердің қауіпсіздігі, науқастарға медициналық көмек көрсету үшін жағдай жасау әрқашан алдыңғы қатарда тұратынын мәлімдеді. 


“Басым міндет – зардап шеккен дәрігердің және басқа қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, барлық күш-жігерді зардап шеккен медицина қызметкерлерінің өмірі үшін күреске бағыттау, ал медициналық ұйым басқа шұғыл пациенттерге көмек көрсету үшін қауіпсіз жағдай жасау болып табылады. Әріптестеріміздің тезірек сауығып кетулеріне тілектеспіз!

Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде оларға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері жасалған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, медицина қызметкерлерін құқықтық қорғау, қауіпсіздік және мәртебесін нығайту бастамасын көтереді. Заңнамаға енгізілген өзгерістер Парламент Мәжілісінде қаралады және жақын арада бекітіледі деп үміттенеміз”, – делінген хабарламада.