ОБЛЫСТА ТҰМАУҒА ҚАРСЫ ВАКЦИНАЦИЯЛАУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
86
Облыста тұмауға қарсы иммундау науқаны барлық емханаларда жүргізілуде,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Соның ішінде, жасөспірім балаларға, жүкті әйелдерге және 65 жастан асқан азаматтарға ЖРВИ қарсы екпе белсенді түрде салынуда. Ауруға шалдыққандардың 66,1 пайызы 14 жасқа дейінгі балалардың үлесінде екен. Дегенмен, өңірде эпидемиологиялық ахуал бірқалыпты деңгейде.
- Аймақта 1 қазаннан бастап облыс халқының ЖРВИ және тұмаумен сырқаттану жағдайына байланысты күн сайын мониторинг жүргізілуде. Ал облыс бойынша аталған вируспен ауырған науқастарды емдеу үшін 315 төсек-орын, оның ішінде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 110 орын бөлінді.
Жалпы тұмауға қарсы екпе - ұжымдық иммунитетті қалыптастырады және аурушаңдық деңгейінің өсуіне жол бермейді. Одан бөлек, қоғамдық орындарда бетперде тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, мүмкіндігінше адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, жеке гигиена ережелерін сақтау қажет.
Сонымен қатар дұрыс тамақтану, дәрумендерді шекті мөлшерде пайдалану арқылы иммунитетті көтеру маңызды. Егер ауырып қалған жағдайда міндетті түрде дәрігерлерді шақырып, арнайы ем қабылдау керек, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Мая Мирзанова.
- Биыл ауруға шалдыққандардың көпшілігінде тұмау вирусының В түрі анықталуда. Осыған сәйкес, осы жылы өңірде ЖРВИ инфекциясына қарсы 85 мың доза вакцина әкелінді. Бүгінгі күнге дейін тұмауға қарсы 82 мыңнан астам адам екпе салдырды. Бұл вакцинациялауға жататын контингенттің 95,8 пайызын құрайды. Сондықтан облыс тұрғындарын барынша тұмау ауруынан сақтануға және екпе салдыруға шақырамын, - деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Әлия Ыдырысова.