Дәрігер баланың іші ауыруының қауіпті себептері жайлы айтты
Кейде бала ішінің ауырып тұрғанын айтып шағымданады. Баланың іші әртүрлі себеппен ауыруы мүмкін. Ата-ана баланы қандай жағдайда жедел дәрігерге көрсету керегін білуі керек. Педиатр Кристина Мулюкова қандай жағдайда қорқудың қажеті жоқ, ал қай кезде жедел жәрдем шақыру керегін айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Маманның айтуынша, ата-ананы алаңдатуы керек белгілерге іштің кез келген бөлігінде пайда болған қатты ауырсыну жатады: мысалы, субъективті он балдық шкала бойынша жеті немесе одан да жоғары балға ауыру. Сондай-ақ онымен бірге дене температурасы 39 немесе одан да жоғары градусқа көтерілуі, құсуы немесе нәжісте қанның болуы, есінен тануы мүмкін.
Педиатр жедел жағдайлардан бөлек әртүрлі жаста іш ауыруының басқа да себептері болуы мүмкін екенін айтты. Бір жасқа дейінгі балаларда асқазан-ішек жолы толық дамымағандықтан, іші бұрап ауыруы мүмкін. Бұл кезде баланың іші ауырады, ол үлкен дәретке бара алмауы және лоқсуы мүмкін. Мұның бәрі бала өсе келе кетеді.
Эмоционалды балалардың іші күйзелістік жағдайлар үшін, мысалы, басқа жаққа көшкенде, балабақшада тобын ауыстырғанда немесе ата-анасының назары жетпегенде ауыруы мүмкін. 10 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың іші тітіркенген ішек синдромы, гастрит немесе асқазан жарасы, асқазан-өңештік рефлюкс ауруы кезінде ауыруы мүмкін. Қыздар етеккір келген кезде іш тұсынан жағымсыздық сезуі мүмкін.
Дәрігердің айтуынша, балаларда кейде вирусты инфекциямен ауырған кезде немесе жазылған кезде лимфалық түйіндері үлкейіп кетеді. Оны баланың мойнын ұстағанда байқауға болады, сондай-ақ баланың ішінде де лимфалық түйіндер (олар көбіне асқазан айналасында орналасады) үлкеюі мүмкін. Оны визуалды түрде байқау мүмкін емес, алайда бала іштегі жүйелі түрде пайда болатын, аз уақытқа созылатын, қарқынды емес ауырсынуға шағымдануы мүмкін.