Павлодарда үш ай бойы өкпені жасанды желдету аппаратында жатқан ер адам жазылып шықты

414
Павлодар облысында үш ай бойы өкпені жасанды желдету аппаратында жатқан пациент жазылып шықты. Ер адам ауруханаға түскен кезде өкпесінің 40 пайызы қабынған екен, алайда бірнеше күннің ішінде бұл көрсеткіш 96 пайызға дейін өскен.

Бұл жағдай туралы Павлодар облыстық кардиоорталығының мамандары айтып берді. Ер адам ауруханаға коронавирус белгілері бар пневмония және қосалқы аурулармен түскен. Ол дереу жансақтау бөліміне жатқызылған. Пациенттің 95 күн ем қабылдауына тура келген. Соның 86 күнінде ол өкпені жасанды желдету аппаратында жатқан. "Ауруханаға түскен кезде пациенттің өкпесі 40 пайыз қабынған еді. Бірнеше күннен кейін тексерсек 60 пайыз болды, тағы бірнеше күннен кейін компьютерлік томография жасап, өкпесінің 96 пайызға қабынғанын анықтадық. Бұл вирустың күн сайын өршитінінің дәлелі. 

Науқас басқа да ауруларын есепке ала отырып, өте ауыр жағдайда болды. Бірақ біздің күш-жігерімізбен және экстракорпоральды мембраналық оксигенация көмегімен жақсы нәтижеге жеттік", - деді Павлодар облыстық кардиоорталығының дәрігер-реаниматологы Владимир Крокус. Қазіргі уақытта ер адам үйіне шығарылған, жағдайы тұрақты. Дәрігерлердің мәліметінше, мұндай оқиға Павлодар облысында бұрын-соңды болмаған. Өйткені, өкпесі 96 пайызға қабынған науқастарды құтқарып қалу өте қиын. Бүгінде өңірде тәулігіне 300-дей адамнан коронавирус анықталуда. Ақ халаттылар аурудың жылдам дамитынын айтады. Небәрі бір-екі күннің ішінде жеңіл науқастанған пациенттің өкпесі 25-30 пайызға дейін қабынып кетуі мүмкін.