Сал дертімен ауыратын қазақстандық балаларға Өзбекстанда тегін ем көрсетілмек
Самарқандық компания еліміздің Өзбекстанмен шекаралас облыстарында тұратын церебральды сал дертімен ауыратын балаларға тегін ем ұсынбақ, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kazinform сайтына сілтеме жасап.
Екі ел арасындағы өңірлік ынтымақтастықты кеңейту шеңберінде Қазақстанның Самарқандағы Бас консулдығы және өзбекстандық «SAG Group» компаниясына қарасты «Bionur» клиникасымен меморандумға қол қойылды. Оған сай, Өзбекстан тарапы Шымкент қаласы, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы сал дертіне шалдыққан балаларға ай сайын тегін ем алу үшін 12 квота бөліп отырады.
Емнен бөлек, квотаға бала және онымен еріп жүретін 1 ата-ананың тұру және тамақтану шығындары кіреді.
Емделуге квота алу еліміздегі облыстық Денсаулық сақтау басқармалары арқылы жүзеге асады.
Айта кетсек, оңалту орталығы заманауи қондырғы, соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Әр 10 күн сайын 180 бала оңалту курсынан өтеді. Негізінен мұнда сырқаттың жеңіл және ауыр сатысындағы өзбекстандық балалар тегін ем қабылдап жатыр.