Анасы 16 жасар ұлының өліміне себеп болған үш емханадан 5 млн теңге өндіріп алды

2 521

Фото: Freepik.com16 жастағы жасөспірім жоғары қызба, әлсіздік және енжарлық белгілерімен балалар ауруханасына түсіп қайтыс болған. Соған қатысты сот процесі аяқталып үкім шықты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Жағдайының ауыр болуына қарамастан, медицина қызметкерлері науқасты тәулік бойы стационарға жатқызуды ұсынғанмен, анасы бұл ұсыныстан бас тартқан. Дегенмен, бас тарту құжат жүзінде рәсімделмеген және ауруханаға жатқызу қажеттілігі ата-анаға толық түсіндірілмеген.

Бала күндізгі стационарға орналастырылған. Алайда оның клиникалық белгілеріне сәйкес тәулік бойы бақылау мен қосымша тексерулер қажет болған. Дәрігерлер алдын ала қан талдауынсыз антибиотиктік ем тағайындап, медициналық құжаттарды толтыруда бірқатар бұзушылықтарға жол берген.

Кейін науқастың жағдайы нашарлап, қатерлі ісікке күдік туындаған соң, ол тәулік бойы стационарға ауыстырылған. Алайда аурухана әкімшілігі мен Денсаулық сақтау басқармасы республикалық орталық мамандарын дер кезінде шақырмаған және бейінді мекемеге ауыстыру мүмкіндігі туралы уақтылы хабарламаған.

Жалпы практика дәрігері де қан талдауы нәтижелерін дұрыс бағаламай, баланы онкогематологиялық тексеріске жібермеген. Медициналық көмекке алғаш жүгінгеннен кейін бір ай өткен соң жасөспірім республикалық медициналық орталықтың жансақтау бөлімінде қайтыс болды.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тексеріс жүргізу барысында медициналық көмек көрсету кезінде бірқатар өрескел бұзушылықтар болғанын растады.

Бірінші сатыдағы сот талапкердің шағымын қанағаттандырып, қаладағы үш медициналық ұйымнан моральдық залал үшін 5 миллион теңге өтемақы өндіру туралы шешім шығарды. Апелляциялық сот алқасы ата-ананың баласының өліміне байланысты шеккен терең моральдық азабын ескеріп, бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.