Құрсақ ананың қызметі қанша тұрады
Елімізде әрбір бесінші отбасының ажырасуына арада баланың болмауы себеп. Ресми деректерге сәйкес, ерлі-зайыптылардың 15 пайыздан астамы бедеулікке тап болған. Осыған байланысты соңғы жылдары қазақстандықтар суррогат аналардың көмегіне жиі жүгініп келеді,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстандағы репродуктивті медицина қауымдастығының дерегінше, бүгінде елімізде суррогат ана қызметін ұсынатын шамамен 30 клиника бар. Олар жылына орта есеппен 330 бағдарлама жүргізеді. Оның орташа тиімділігі шамамен 40 пайызды құрайды. Нәтижесінде жыл сайын 130 бала суррогат ананың көмегімен дүниеге келеді.
Суррогат ана қызметінің құны жыл сайын өзгеріп отырады және оның бірнеше факторға байланысты қалыптасатынын білдік. «Болашақ» суррогат ана орталығының басшысы Дамира Бекбергенованың айтуынша, егер тапсырыс берушілер Қазақстан азаматтары болса, тәжірибесі жоқ суррогат ананың қызметі кемінде 5 миллион теңгеден басталады. Ал бұрын суррогат ана болған әйелдің қызметі 7 миллион теңгеге дейін жетеді.







