Дәрі-дәрмектер 15 пайызға арзандады
Қазақстанда кейінгі алты айда дәрі-дәрмек бағасы 15 пайыз арзандады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Сонымен қатар, ведомство бағаға бақылау әлсіресе, фармацевтикалық өнімдер бір бөлігінің құны қайта өсуі мүмкін екенін ескертті.
Тексерулер нәтижесіне сүйенсек, жыл басынан бері 13 кәсіпкер дәрілердің бағасын негізсіз көтерген. Жасанды түрде сұраныс туғызғаны үшін оларға жалпы сомасы шамамен 2,5 миллион теңге айыппұл салынған.
Қазір мемлекет 5 мыңнан аса атаудағы дәрі бағасын реттеп отыр. Ал нарықта жалпы саны 7 мыңға жуық фармацевтикалық өнім тіркелген.
Дегенмен қазіh 2 мыңнан аса дәрі-дәрмек реттеуші органның бақылауынан тыс қалып отыр. Жақын арада бұл тізім айтарлықтай ұлғаюы мүмкін: жауапты органдар дәрілердің тағы бір бөлігін еркін нарықтық бағаға жіберуді жоспарлап отыр.
Ведомствоның мәліметінше, импорттың үлесі әлі де жоғары болғандықтан, бағаны бір деңгейде ұстап тұру қиын. Бүгінде елде 200-ден аса фармацевтикалық зауыт жұмыс істейді. Кейінгі 10 айда олар 156 миллиард теңгенің өнімін шығарған, бұл жалпы қажеттіліктің небәрі 15 пайызы ғана. Қалған 85 пайызы шетелден әкелінеді. Негізінен дәрі-дәрмек Еуропа елдерінен, Ресейден, Үндістаннан және АҚШ-тан жеткізіледі.







