ДДҰ МЕН ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ БІРҚАТАР БАСТАМАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУҒА КЕЛІСТІ
Бүгін ДДҰ-ның Копенгагендегі (Дания) Еуропалық өңірлік комитетінің 74-ші сессиясының шеңберінде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен ДДҰ Еуропалық бюросының басшысы доктор Ханс Клюге Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға бағытталған бірқатар бастамаларды талқылады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Тараптар Мемлекет Басшысының жаһандық деңгейде МСАК жөніндегі елдер коалициясын құру және ДДҰ-ның Алматы қаласындағы МСАК жөніндегі географиялық қашықтағы офисінің базасында Коалиция Хатшылығын ұйымдастыру жөніндегі бастамасын ілгерілету туралы уағдаласты.
Бұдан әрі аурулардың профилактикасына, семіздікке, халықтың дене белсенділігінің деңгейін арттыруға, тамақтануды жақсартуға, зиянды тағамдардың маркетингін төмендетуге және 2030 жылға дейін ұлттық стратегияны әзірлеуге негіз болатын басқа да бағыттарға байланысты мақсаттар мен міндеттердің ерекше өзектілігі атап өтілді. Доктор Клюге ұлт денсаулығын жақсартуға бағытталған бұл қадамды іске асыруға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Қазақстанның туберкулездің ауыртпалығын төмендетудегі көпжылдық табысты тәжірибесін ескере отырып, біздің елімізде «Туберкулез індетін жоюға арналған ДДҰ үздік практикалар орталығын» ашу туралы бастама көтерілді. Бұл орталықтың ашылуы мен жұмысы ТБ-ға қарсы күрес, елдердің арасында тәжірибе алмасу, Орталық Азияда ғана емес, ДДҰ-ның Еуропалық өңірінде де диалог пен қызметті үйлестіру бойынша күш-жігерді нығайтуға ықпал етеді деп болжануда.
Кездесудің соңында тараптар 2024-2025 жылдарға арналған екі жылдық ынтымақтастық туралы келісімнің шеңберіндегі ағымдағы жұмысқа жоғары баға берді және белгіленген жоспарларды іске асыру мақсатында одан әрі белсенді өзара іс-қимылды дамытуға сенім білдірді.