Арықтататын дәрілердің артында қауіп бар: «Молекула» улануға әкелуі мүмкін
Қазақстан нарығында еркін сатылып жүрген қауіпті арықтататын дәрі туралы бұқаралық ақпарат құралдарында тараған мәліметтерге байланысты Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ресми жауап берді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі "Azattyq Rýhy" сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін BBC арнасы жүргізген зерттеуде артық салмақ тастауға арналған «Молекула» атты препаратты қабылдаған жасөспірім қыздардың улану деректері тіркелгені хабарланған. Тексеру барысында дәрі құрамынан әсері күшті сибутрамин заты анықталған. Зерттеуде көрсетілгендей, «Молекула» саудасына тыйым салынғанымен, оның «Атом», «Мета» сияқты аналогтары әлі де еркін сатылымда кездеседі.
Ресейдің кеден органдарының мәліметінше, соңғы уақытта құрамында сибутрамин бар өнімдердің елеулі бөлігі Қазақстаннан жеткізілген. Кейбір блогерлер мен сатушылар «Молекула» капсулаларының бір бөлігі Қазақстанда кофеин негізінде өндірілетінін айтқан.
Денсаулық сақтау министрлігі сибутраминнің бұрын семіздікті емдеу және дене салмағын азайту үшін қолданылғанын растады.
Ведомствоның мәліметінше, сибутрамин қабылдаған адамдарда қан қысымының жоғарылауы, жүрек қағысының жиілеуі, ұйқысыздық, депрессияның күшеюі, дәрілік тәуелділіктің пайда болуы секілді жағымсыз әсерлер байқалуы мүмкін. Сондай-ақ миокард инфарктісі мен инсульт қаупі артады.
Осыған байланысты министрлік бұйрығына сәйкес, Қазақстанда сибутрамин белсенді заты бар келесі бес препараттың тіркеу куәліктері жойылып, оларды медициналық қолдануға тыйым салынды:
- «Линдакса», капсула, 10 мг және 15 мг;
- «Адеран», капсула, 10 мг;
- «Меридиа», қатты желатин капсула, 10 мг және 15 мг.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында сибутрамин қосылған дәрілік заттар тіркелмеген. Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай тізілімінде «Молекула» биологиялық белсенді қоспасы тіркелмегені анықталды.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті редакцияның сауалына берген жауабында, арықтататын құралдарды электрондық коммерция платформаларында (маркетплейстерде) сатуға шектеу қою немесе тыйым салу мәселесін қарау туралы ұсынысты уәкілетті мемлекеттік органға жолдағанын хабарлады.







