Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы жаңа жүйемен реттелмек
Қазақстанда 2027 жылға қарай дәріханаларда сатылатын дәрі-дәрмек бағасын реттеуді толықтай алып тастау жоспарланып отыр-қазіргі уақытта олардың көбіне шекті құн белгіленген,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі TengriHealth сайтына сілтеме жасап.
Оны жылына екі рет Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы комиссия қайта қарап отырады. Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттар және медициналық бұйымдардың шекті бағалары мен үстеме бағаларын реттеу, қалыптастыру қағидаларына түзетулер енгізді.
2026 жылғы 12-ші шілдеден бастап мынадай ұғымдар енгізіледі:
- Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізілімі - бұл тіркелген және медициналық мақсатта қолдануға рұқсат етілген препараттар туралы мәліметтер көрсетілетін цифрлық ресурс.
- Референттік баға белгілеу порталы - автоматтандырылған цифрлық жүйе.
Маңызды жаңалықтардың бірі - реттеуге жататын препараттар тізбесі жобасында шекті бөлшек сауда бағасы бір АЕК-тен (қазір бұл 4325 теңге) аспайтын рецептілі дәрілер жоқ.
Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіповтің айтуынша, қазіргі уақытта бөлшек саудада сатылатын барлық дерлік препарат пен "СК-Фармация" сатып алатын дәрілерге жылына екі рет шекті баға белгіленеді. Дәріханалардың дәрі-дәрмекті белгіленген құннан қымбат сатуға құқығы жоқ.







