Қызылордада коронавирус жұқтырудың ең жоғары көрсеткіші тіркелді

328
Қызылорда облысында өткен тәулікте 399 адам коронавирус жұқтырды. Бұл - пандемия басталғаннан бергі ең жоғары көрсеткіш,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Қазір өңірде коронавирус инфекциясының эпидемиологиялық жағдайы тұрақсыз. Биылғы жылдың 13 қаңтарынан бастап облыс «қызыл» аймақта.

«Қаңтар айының 19 күнінде коронавирус инфекциясын жұқтырудың барлығы 2 622 жағдайы анықталды. Бұл - өткен жылғы желтоқсанда тіркелген көрсеткіштен 22 есеге жоғары. Өткен тәулікте 399 адам коронавирус жұқтырды. Пандемия басталғаннан бергі өңірде мұндай көрсеткіш тіркелмеген болатын. Олардың арасында 247-і Қызылорда қаласында тіркелсе, аудандар бойынша Аралда - 16, Қазалыда - 18, Қармақшыда -13, Жалағашта - 16, Сырдарияда -11, Шиеліде - 42, Жаңақорғанда - 36 адам қатерлі індеттің құрығына ілікті», - деп мәлім етті Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Айман Жанахаева.

Тәулікте анықталған барлық жағдайдың 58-і 14 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасында анықталды.

Дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тамақтың ауыруы, жөтел сияқты клиникалық белгісімен 147, симптомсыз 252 дерек анықталды.