Балалар мекемелерінде санитариялық бақылау күшейтілген
Балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау мақсатында 2026 жылғы 1- ші ақпаннан бастап Қазақстанда балалар мекемелеріне санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың ерекше тәртібі енгізілген,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Марал Рақымжанова мәлімдеген.
Жаңа тәртіп балаларды тамақтандыру, орналастыру, оқыту, емдеу, тәрбиелеу және сауықтыру қызметімен айналысатын, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мекемелерге қолданылады. Тиісті заңға Мемлекет басшысы 2025 жылғы 4- ші желтоқсанда қол қойған.
Комитет өкілінің айтуынша, соңғы жылдары балалар жиі баратын мекемелерде санитариялық талаптар сақталмауы алаңдаушылық туғызған. Бұрынғы бақылау жүйесі көбіне орын алған жағдайдан кейін ғана әрекет етіп, алдын алу шаралары жеткіліксіз болған. Сол себепті мектептерде жаппай тамақтан улану, интернаттар мен сауықтыру ұйымдарында санитариялық бұзушылықтар, балалар арасында жұқпалы аурулардың таралуы сияқты проблемалар көбейген. Кейбір мекемелерде жалған вакцинация жазбалары да тіркелген.
Оның айтуынша, бұрынғы бақылау тек айыппұл салуға негізделгендіктен, адал жұмыс істейтін мекемелердің өзінде тексеруден жалтару байқалған.
Ерекше тәртіп балабақшаларға, мектептерге, медициналық ұйымдарға, интернаттарға, студенттік жатақханаларға, медициналық-әлеуметтік мекемелерге, балалар мен сәбилер үйлеріне қолданылады. Бақылау жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер, мониторинг, сондай-ақ қауіп анықталған жағдайда нысанға барып жедел шара қолдану арқылы жүзеге асырылады.







