Үш жасар қыз ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген

2 512

Фото: Рixabay/Jeniffer Wai Ting TanПавлодарда үш жасар қыз абайсызда көзіне қайшы тығып алып, ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Дәрігерлер шұғыл микрохирургиялық операция жасап, баланың көзін және көру қабілетін сақтап қалған.  Сәбиге қасаң қабықтың тесіп өткен жарақаты, ішкі қабықтарының сыртқа шығуымен асқынған деп диагноз қойылған. Уақыт санаулы минуттарға ғана созылған. Облыстық балалар ауруханасының мәліметінше, үш жасар қыз ауыр көз жарақатымен шұғыл жеткізілген. Абайсызда бала қайшыны тікелей көзіне тығып алған. Алғашында ата-анасы жарақаттың қаншалықты қауіпті екенін бірден аңғармаған. Алайда қызару, жас ағу және жарыққа қарай алмау белгілері күшейген соң, дереу медициналық көмекке жүгінген. Баланың көзін сақтау үшін офтальмолог дәрігерлердің тұтас тобы жұмылдырылған. Мамандар қасаң қабықтағы жыртылуды тігіп, көздің бүтіндігін қалпына келтіру үшін күрделі микрохирургиялық ота жасаған. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай операция техникалық тұрғыдан өте нәзік, мұқият әрі жоғары дәлдік пен тәжірибені, толық шоғырлануды қажет етеді. 

"Ота офтальмологтар тобының және анестезиология қызметінің бірлескен жұмысының арқасында сәтті өткен. Павлодар облыстық балалар ауруханасы мамандарының үйлесімді әрекетінің нәтижесінде дәрігерлер тек көзді ғана емес, баланың көру қабілетін де сақтап қала алды", – деді дәрігерлер.

Қазір сәби ауруханадан шығарылып, амбулаториялық бақылауға алынған. Дәрігерлердің ескертуінше, мұндай жарақаттардың көбі үй жағдайында, көбіне санаулы секунд ішінде болады. Сондықтан өткір заттарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау, кішкентайларды қараусыз қалдырмау және көз жарақатына күдік туған жағдайда бірден дәрігерге жүгіну аса маңыздырақ.