Қазақстанда дәрігер тапшылығы 19,6% азайды
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық кадрларды даярлау және бекіту жүйесін қайта қарап жатыр,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Министрлік дерегіне сәйкес, мамандардың тапшылығын төмендету және олардың біліктілігін арттыру үшін министрлік ақылы бөлімге түсушілер үшін ҰБТ шегін 80-90 балға дейін көтерді және үшінші курстан кейін білімін міндетті тексеруді енгізді, оның қорытындысы бойынша үлгермеген студенттер оқудан шығарылады.
Жергілікті жерлерде дәрігерлерді бекіту үшін мемлекет әлеуметтік қолдауды екі есеге арттырды: 2025 жылы тапшы мамандықтағы 529 дәрігер 8,5 млн теңгеден көтерме жәрдем алған.
Жеңілдіктер мен қызметтік тұрғын үйді пайдаланған дәрігерлер санының жалпы өсуі 30%-ды құрады, бұл ауылдарға мыңнан астам маманның келуін қамтамасыз еткен.
Министрлік қаржылық ынталандырумен қатар медициналық персоналды қорғау құралдарын енгізіп жатыр. ІІМ-мен бірлесіп медициналық мекемелерде полиция посттары орнатылады, ал жедел жәрдем фельдшерлері үшін бейнежетондар сатып алынады.
Сонымен қатар, 190 мың қызметкерді қамтыған кәсіби жауапкершілікті сақтандыру институты дамып келеді, оның қызметі қазір 3,1 млрд теңге көлемінде сақтандыру қорымен қорғалған.
Кешенді шаралардың нәтижесінде Қазақстанда дәрігерлердің жалпы тапшылығы 19,6%-ға, ал ауылдық жерлерде 26,7%-ға төмендеген.







