Балабақшадағы оқиғадан кейін үш жасар қызға эпилепсия диагнозы қойылған

2 512

Фото: ©Depositphotos.comАқмола облысында балабақшада жарақат алған үш жасар қыздың анасы оқиғаға қатысты жан-жақты әрі әділ тергеу жүргізуді талап етуде,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.

Оның айтуынша, балалардың бірі қызының басынан орындықпен ұрғаннан кейін бүлдіршіннің денсаулығы күрт нашарлаған. Оқиға биыл 6-шы наурызда болған. Анасының сөзінше, сол кезде балалар шамамен жарты сағат бойы тәрбиешінің қарауынсыз қалған. Осы уақытта ойын барысында Айзеренің басына орындық тиген. Кейін қыз ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оған бас миының шайқалуы диагнозын қойған. Біраз уақыттан соң жүргізілген қосымша тексерулер нәтижесінде құрысу синдромы мен эпилепсия анықталған. Бүлдіршіннің анасы Алтынай Бикемнің айтуынша, қызы қазір дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Ол дәрі-дәрмек қабылдап жүр және кез келген уақытта талмасы ұстап, есінен танып қалуы мүмкін.

Өз кезегінде балабақша әкімшілігі тәрбиешінің балаларды қараусыз қалдырғанын жоққа шығармады. Мекеме басшылығының мәліметінше, сол күні тәрбиеші көмекшісінің орны бос болғандықтан балаларды қабылдауға кеткен кезде оқиға орын алған. Алайда бұл жағдай үшін тәрбиеші мен балабақша меңгерушісіне тек қатаң сөгіс жарияланған. Анасының айтуынша, ол бірнеше рет полицияға арызданғанымен, іс екі мәрте қылмыстық құрамның болмауына байланысты тоқтатылған. Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Отбасы осы уақытқа дейін қыздың еміне қомақты қаражат жұмсаған. Балаға күтім жасау үшін әкесі де жұмысынан кетуге мәжбүр болған.