Аптасына 30 минут жаттығу өлім қаупін 17%-ға төмендетеді

2 504

Фото: Opennews.kz ЖИАдам жасы ұлғайған сайын денсаулығына көңіл бөліп, күтінгені жөн. Алайда егде жаста ауру-сырқатсыз, жақсы өмір сүру үшін оның іргетасын жас кезден қалау керек, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 

Кез келген спорт түрі адам ғұмырын ұзартуға және денсаулыққа оң әсер етеді. Жай жаттығудан бөлек, бұлшықетті шынықтыратын күш жаттығуларымен тұрақты айналысқан адам өмірін ұзартып қана қоймай, өмір сүру деңгейін жақсарта алады. 

Кардио немесе күш жаттығулары

BBC мәліметінше, кардиомен айналысып, жаяу жүргенде қадам санын есептеп, велосипед теуіп, марафонға немесе триатлонға қатысу денсаулықты нығайтып, өмірді ұзартуға көмектеседі. Мамандардың пікірінше, бұл тізімге күш жаттығуларын қосу қартайған кезде өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Канаданың бұлшықет физиологиясы саласындағы зерттеушісі Стюарт Филлипс денсаулық сөз болғанда бұлшықетті шымыр ететін жаттығулар ылғи назардан тыс қалатынын айтып отыр.

Қарсылық жаттығуы

Күш жаттығуын тұрақты істеуге бәрінің ерік-жігері, күш-қуаты жете бермейді. Сондықтан оны кейбірі «қарсылық жаттығуы» деп атайды. Бұлшықетті жаттықтыру үшін міндетті түрде спортзалға барып, арнайы ауыр құрал-жабдықтарды сатып алу қажет емес. Мамандар бастапқы кезеңде аптасына екі рет, 20–30 минут жаттығу жасаған жөн екенін айтты. Бицепске арналған жаттығу гантелінің орнына су құйылған бөтелкелерді қолдануға болады.

Бастапқы кезде қандай жаттығу істеу керек?

Арқа мен иықты шынықтырып, кеуде бұлшықетін қатайту үшін қабырғаға сүйеніп, қолды бүгіп, қайта жазуға болады. Сонымен қатар резеңке таспамен ескек есуге ұқсас тарту қозғалысы да өте пайдалы. Планка жасау тұтас денені, әсіресе қолды шынықтырады. Дене осындай жаттығуларды істеуге бейімделген соң, біртіндеп жүктемені арттыру керек. Мысалы, ауыр салмақ қосып, отырып-тұру жаттығуы тек денеге емес, миға да пайдалы.

Дененің төменгі бөлігіне арналған жаттығу:

отырып-тұру;

баспалдаққа немесе биік жерге мініп-түсу;

алға қарай адымдап, отырып-тұру.

Барлық бұлшықетке пайдалы жаттығу:

штангамен отырып-тұру;

жатып штанга көтеру;

штанганы жерден көтеру.

Арқа бұлшықетін жаттықтыру

Мамандар иыққа салмақ түсіріп, жүктеме қосуды ұсынады. Өйткені бұдан арқа ешқашан тым мықты болып кетпейді. Арқадағы бұлшықетті шынықтыру дене қалпын дұрыс ұстауға, бел мен омыртқаның тұрақты күйін сақтауға ықпал етеді. Дегенмен бірден тым көп жүктеме артып, кейін мүлдем жаттықпай кеткеннен гөрі, тұрақты түрде аз-аздан жаттығу істеу керек. Аз уақыт жаттығу мүлде жаттықпағаннан жақсы екенін есте сақтаңыз.

Бұлшықетті шынықтыру өлім қаупін сейілтеді

Зерттеулер аптасына небәрі 30–60 минут бұлшықетті қатайтатын жаттығу істеу кез келген өлім қаупін 10–17% төмендетуі мүмкін екенін көрсетті. Аптасына 90 минут пен екі сағат аралығында күш жаттығуларын істеу мезгілсіз қайтыс болу қаупін 13% азайтуға ықпал етеді. Ал күш жаттығуы мен кардио жаттығуын қатар істеген адамдардың өлім қаупі 58% төмен болған. Сонымен қатар күш жаттығулары адамның психикалық денсаулығына да пайдалы. Жаттығу істеген кезде адам алаңдау, уайымдау сынды ауыр сезімдерден арылады. 

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.