"Алманың салмағындай ғана": Әлемдегі ең кішкентай нәресте ауруханадан шығарылды

518
Жүктіліктің 25-апталығында денсаулығы сыр берген әйелді дәрігерлер босандырып алуды ұйғарған.
Себебі нәрестенің анасына өмірІне қауіпті төндіретін жоғары қан қысымы - преэклампсия диагнозы қойылған. Осыдан кейін ол босану мерзімінен төрт ай бұрын шұғыл кесар тілігін жасатуға мәжбүр болған.
Дүниге салмағы небәрі 212 грамм, ал бойы 24 сантиметр болатын қыз бала келген. Салыстырар болсақ, 212 грамм бар болғаны бір алманың салмағына тең.
Жаңа туған нәресте ауруханада 13 ай бойы ем қабылдаған. Оның еміне шамамен 270,5 мың АҚШ доллары кеткен. Ата-анасы мұндай қаражатты краудфандинг науқаны арқасында төлей алған.

Бүгінде қыз баланың салмағы 6,3 келіге жеткен. Дәрігерлер сәбидің денсаулығы жақсарғанын айтады. Ол өзін жақсы сезінеді, сол себепті оны ауруханадан шығаруға шешім қабылданған.
Оған ата-анасы Квек Ю Сюань есімін берген.
 
Ю Сюань әлі күнге дейін өкпенің созылмалы ауруымен ауырады және арнайы құрылғының көмегімен дем алады. Десе де, дәрігерлер уақыт өте келе нәресте дертінен толықтай айығатынын айтады.