ҚЫЗЫЛОРДАДА ПЕРЗЕНТХАНАДА ЖҮКТІ ӘЙЕЛ КӨЗ ЖҰМДЫ

2 923

Фото: Opennews.kzҚызылордадағы перзентханада жүкті әйел қайтыс болды,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Туыстарының айтуынша, 39 жастағы Жазира Қожанова бесінші рет босануы болған. Қан қысымы жоғары көтерілгендіктен Жазира қаладағы Ана мен бала орталығына сенбі күні жеткізілген. Табиғи толғағы келіп, акушерлерге жүгінген Жазира денесіндегі  ісікке байланысты кесарь тілігімен босандыруды сұраған. Ал дәрігерлер оның денсаулығындағы жағдайды біле тұра көмек бермеді, дейді марқұмның туысы.

 

« Мен сол сәтте қасында болдым. Босанар алдында қатты қиналды. Жүрегі ауырды. Ал дәрігерлер әзілдеп тұрды. Бізді менсінбеді. Адам құрлы көрген жоқ. Аузынан көбігі ағып, 35 минуттай жатты. Сөйтіп жүріп кетті,» — дейді Салтанат Қожанова.

 


Қара жамылған отбасы мұның бәріне дәрігерлердің салғырттығынан деп пайымдауда. «Дәрігерлер өз уақытында  ота жасаса аман қалуы  мүмкін  еді» - дейді олар. Адам өміріне араша бола алмаған  ақ халаттыларды  заң жүзінде жазаланғанын қалайды.

 

«Дәрігерлер аман-есен босандырсын деп қалталарына ақшасын салып жібереміз. Соның өзінде жасап тұрғандары мынау. Адамның өмірі бұларға ойыншық сияқты. Бәрі бірдей жазалансын», — дейді марқұмның қайын әпкесі Баян Мәмбетназарова.

 


Ал марқұмның өміріне араша бола алмаған дәрігер өзінің кінәсін мойындағандай-ақ.  Тіпті,  өз міндетін толық атқара алмағанына да өкінетіндігін  Экспресс К сайтының облыстағы меншікті тілшісі жариялаған болатын. 

 

  
                                                                     
«Кесарь тілігін жасау деңгейінде емес еді. Босануға толық дайын болған. Реаниматолог дер кезінде  көмек көрсетті. Аман алып қалу қолымыздан келмеді. Мен өз міндетімді толық атқардым деп айта алмаймын» — дейді  дәрігер Жанар Нұрымбетова.


Бесінші перзентін өмірге әкелмек болған ананың артында, ботадай боздаған 4 баласы қалды. Ал, марқұмның  туыстары бұл жағдайға байланысты сотқа жүгінетіндігін атап өтті.

 

Ал, Облыстық Перинаталды Орталығы:

«Облыстық перинаталдық орталық әкімшілігі орын алған жағдайға сәйкес, түпкілікті себебі патологоанатомиялық сараптама нәтижелерінен кейін анықталып, тиісті қорытындымен оқиғаға жан-жақты талдау жасалынатынын жеткiзедi.»,-делінген ресми  хабарламада.