Елімізде медициналық бетперде бағасы қымбаттауы мүмкін
Қазақстанда медициналық бетперде бағасы қымбаттауы ықтимал. Денсаулық сақтау министрлігі жеке қорғаныш құралына қойылған шекті бағаны алып тастамақ.
Үш мемлекеттік орган басшылары қол қойған бұйрық 2-мамырдан бастап өз күшіне енеді.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой медициналық бетперделердің шекті бағасы нарықта жағдай тұрақталған соң алынып тасталатынын жеткізген.
Телеарна мәліметінше, министрлер кабинеті де осыған сүйеніп отырғанға ұқсайды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта дәріханаларда бетперде тапшылығы сезілмейді, бағасы да тұрақты. Алайда өткен жылы төтенше жағдай кезінде қорғаныш құралының бағасын реттемеген үкімет сынның астында қалған болатын.
10 теңге тұратын бетперде 200 теңгеге бір-ақ шарықтап, алыпсатарлар көбейіп кеткені белгілі. Ал тауарға шекті баға да осы дүрбелеңнен соң қабылданған еді.
Еске сала кетсек, үкіметтің онлайн отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазіргі вакцинацияны ескере отырып, коронавирусқа қатысты жаңа болжамымен бөлісті.
"Оптимистік сценарий бойынша – егер вакцинация кестеге сәйкес жалғасатын болса, бір тәулікте 3 мыңға дейін жұқтырғандар (коронавирус-ред.) тіркеліп, сәуір айының соңында шарықтау шегіне жетеді деп күтілуде. Реалистік сценарий бойынша – бір тәулікте жұқтырғандар 4 мыңға дейін тіркеліп, мамырдың ортасында шарықтау шегіне жетуі мүмкін", – дейді министр.